Семейде интернационалист жауынгерлердің рухына тағзым етілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Семей қаласында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығы аясында Ауған соғысына қатысқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Жиналғандар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Іс-шараға интернационалист-ардагерлер, әскери қызметшілер, облыстық және қалалық әкімдік өкілдері, сондай-ақ «Жас ұлан» ер балалар лицейінің оқушылары қатысты.

Ескерткішке гүл шоқтарын қаза болғандардың қаруластары, туыстары және қала тұрғындары қойды.

Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов жауынгерлердің ерлігі мен төзімділігі өскелең ұрпақ үшін маңызды рухани бағдар болып қала беретінін атап өтті.

– Бүгін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күні қарсаңында біз интернационалист жауынгерлердің рухына тағзым етеміз. Бұл іс-шараның басты мақсаты – өткенге құрметпен қарап, ерлікпен қаза тапқан батырларды және олардың шексіз батылдығын еске алу. Ардагерлеріміз қоғамдағы бірлікті нығайтуға үлес қосып келеді. Сіздердің жастармен атқарып жүрген тәрбиелік жұмыстарыңыздың маңызы зор. Құрметті ардагерлер, сіздерге және отбасыларыңызға амандық пен мықты денсаулық тілейміз. Сіздердің ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды, – деді Жарқын Жұмаділов.

«Ауғанстандағы және жергілікті соғыстардағы соғыс ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық ұйымының төрағасы Боранбай Бегатов батырлардың ерлігі халық жадында мәңгі сақталатынын айтты.

– Құрметті ардагерлер, арамызда майданда қаруластарынан айырылғандар да, соғыстан оралмаған жарларын, ұлдарын, бауырларын күткен жандар да бар. Қаза болғандардың ерлігі мәңгі жүрегімізде сақталады, ешқашан ұмытылмайды. Олар өмір жолын енді бастап келе жатқан жас жігіттер еді. Олардың ерлігі ешқашан естен шықпайды, ал қайғысы уақыт өтсе де басылмайды. Біз осы күнде 10 жылдан бері жиналып, қаруластарымыздың ерлігін еске алып келеміз, – деді Боранбай Бегатов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-ishki-sayasat/press/news/details/1214604?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version