ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ЖАСТАРҒА ӘСКЕРИ ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен, Арыс қаласындағы әскери бөліммен бірлесе партияның «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы аясында жастарға арналған танымдық экскурсия өтті. Іс-шара жас буынның әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруға және отансүйгіштік рухын күшейтуге бағытталады. Аталған іс-шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстағы Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева арнайы қатысып, жастармен еркін форматта пікір алмасты.
Әскери бөлімнің қызметкерлері жас қонақтарға әскери өмірдің қыр сырын таныстырып, қару-жарақтар мен техникалардың мүмкіндіктері туралы мәлімет берді. Экскурсия барысында жастар сарбаздардың тыныс-тіршілігімен жақыннан танысып, әскерилердің күнделікті қызметі, тәртібі және дайындық үдерістері туралы толық ақпарат алды. Өскелең ұрпаққа әскери техникалар көрсетіліп, олардың қолданылу ерекшеліктері түсіндірілді. Бұл жастардың әскери салаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, ел қорғау ісінің қаншалықты жауапты екенін терең сезінуге мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында Қалыйма Жантөреева мазмұнды сөз сөйлеп, жастарды Отанға адал қызмет етуге шақырды. Ол өз сөзінде бүгінгі буынның ел болашағы екенін атап өтіп, патриоттық тәрбие мәселесіне ерекше тоқталды.
«- Отан қорғаушылар күні бұл тек әскери қызметшілердің мерекесі ғана емес, ел тыныштығын, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген барлық азаматтарға көрсетілетін құрмет. Бүгінгі жастар ертең ел қорғайтын азаматтарға айналады. Сондықтан олардың бойында жауапкершілік, тәртіп, адалдық және отансүйгіштік қасиеттер қалыптасуы аса маңызды. Осындай танымдық іс шаралар арқылы біз жастарға әскери қызметтің мәнін түсіндіріп қана қоймай, олардың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттыруға үлес қосамыз. Мемлекетіміздің болашағы білімді, саналы, патриот жастардың қолында. Сондықтан әрбір жас өз елінің дамуына үлес қосуға дайын болуы керек», – деді Қалыйма Жантөреқызы.
Экскурсия барысында жастар әскери қызметтің тек қана тәртіп пен қатаңдық емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік пен кәсібилікті талап ететін сала екенін ұғынды. Әскери қызметшілердің өмірімен танысу олардың ел қорғау жолындағы еңбегіне деген құрметін арттырды. Сонымен бірге қатысушылар түрлі сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша нақты жауаптар алды.
Аталған шараның Отан қорғаушылар күні қарсаңында ұйымдастырылуының өзі ерекше мәнге ие. Бұл күн жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті нығайтып, олардың азаматтық позициясын қалыптастыруға ықпал етеді. Әскери бөлімдегі экскурсия жастардың патриоттық сезімін оятып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын терең түсінуге жол ашты.
Жалпы «QAISAR» жобасы аясында өткен танымдық экскурсия – жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарды. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақты елжанды, жауапкершілігі жоғары азамат етіп қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1214808?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version