Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған ауқымды стратегия жүзеге асырылуда.
Негізгі бағыттар ретінде ет өндірісін дамыту, құс шаруашылығын өркендету, сүт фермаларын салу, сондай-ақ суармалы жерлерді тиімді пайдалану белгіленген.
2031 жылға дейін өңірдегі инвестициялық жобалар тізіміне жалпы құны 254 млрд теңгені құрайтын 90 бастама енгізілген.
Жобалардың қатарында Бесқарағай ауданында жылына 150 млн жұмыртқа өндіретін құс фабрикасын салу қарастырылған. Инвестиция көлемі 5,5 млрд теңгені құрайтын нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сүтті мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Жарма ауданында 600 басқа арналған және Бесқарағай ауданында 1200 басқа арналған сүт фермаларын салу көзделген.
Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол картасы жүзеге асырылуда. 2029 жылға дейін жалпы құны 112,5 млрд теңге болатын 19 жобаны орындау көзделген. Биыл алты нысан пайдалануға беріліп, 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бірқатар жобалар қазірдің өзінде нақты іске асыру кезеңіне өткен. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында құны 4 млрд теңге болатын «Агролидер KAZ»серіктестігінің бұршақ және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу және тазалау зауыты іске қосылды.
Алдағы маңызды жобалар қатарында «Qazaq Astyq Group» серіктестігі базасында жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауыт (инвестиция көлемі – 8,3 млрд теңге), сондай-ақ «Евразия Агро Семей» серіктестігі базасында жылына 11 400 тонна өнім өндіретін ет комбинаты (инвестиция көлемі – 7,7 млрд теңге) бар.
Олардың барлығы саланың өндірістік әлеуетін айтарлықтай арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1215205?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау