Қонаев қаласында дәрігерлер жоғары сынып оқушыларына арналған шұғыл дәрігерге дейінгі көмек көрсету бойынша шеберлік сағатын өткізді. Бұл – кәсіби бағдар беру жұмысын дамыту мен денсаулық сақтау саласының болашақ кадрлық әлеуетін қалыптастырудағы маңызды қадам.
Іс-шараға қатысушылар жарақаттар, күйіктер, суға бату және жедел жүрек-қан тамырлары жағдайлары кезінде алғашқы көмек көрсету бойынша практикалық дағдыларды меңгерді. Бұл білім – жай ғана теория емес, қажет болған жағдайда адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін нақты құрал.
Іс-шараның маңыздылығын Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы – Ержан Әбілхасымұлы Сүлейменов атап өтті. Ол өз сөзінде мұндай бастамалар жастардың мамандықты саналы түрде таңдауына ықпал ететінін жеткізді: “Бүгінгі шеберлік сағатына қатысып отырған жоғары сынып оқушылары болашақта медицина саласының мамандары – дәрігерлер, мейіргерлер, фельдшерлер қатарын толықтыруы мүмкін”.
Жоба пилоттық сипатқа ие және Ержан Әбілхасымұлының жеке бастамасымен жүзеге асырылуда. Бұл оның денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы және болашақ мамандарды даярлаудағы стратегиялық көзқарасын айқын көрсетеді.
Сондай-ақ басқарма басшысы алынған білімнің маңыздылығына тоқталды:
“Алғашқы көмек көрсету дағдыларын қалыптастыру – қоғамдағы қауіпсіздік мәдениеті мен жауапкершілікті арттырудың маңызды бөлігі. Бүгін меңгерілген білім мен практикалық дағдылар төтенше жағдайда шешуші рөл атқарып, медицина қызметкерлері келгенге дейін уақтылы көмек көрсетуге, сол арқылы адам өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді”.
Сонымен қатар өңірде медициналық білім алуға барлық жағдай жасалғаны атап өтілді: Талғар қаласында бай тарихы бар медициналық колледж жұмыс істейді, сондай-ақ медициналық жоғары оқу орындарына түсу үшін облыс әкімінің білім гранттары қарастырылған, әрі қарай магистратура мен резидентурада білім алуға мүмкіндік бар.
Іс-шара дәрігерлермен ашық диалог форматында жалғасып, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби кеңестер алды.
Шеберлік сағатының қорытындысы бойынша көптеген қатысушылар болашақта медицина саласын таңдауға ниетті екендерін атап өтті. Атап айтқанда, бір оқушы эндокринология бағытын таңдауға шешім қабылдаса, тағы бір жоғары сынып оқушысы травматолог-ортопед мамандығына ерекше қызығушылық танытты.
Мұндай бастамалар жастардың медициналық сауаттылығын арттырып қана қоймай, адам өмірін сақтауды басты миссия санайтын жаңа буын мамандарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1215302?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау