2026 жылдың 05 мамырда Алматы қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығы №200 мектеп-гимназиясының базасында Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарының жас басшылары мен кадрлық резерв өкілдеріне арналған тәлімгерлік мектебінің «Білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі. Жас басшыларға тән қателіктер және оларды түзету жолдары. Қала мектептерінің тәжірибесінен алынған кейстерді талдау» тақырыбында әдістемелік семинар-практикумын өткізді.
Семинар барысында мектеп директорының басшылық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілігінің негізгі қырлары, мектеп жұмысын заң талаптарына сай ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Тәжірибелі мектеп директорлары шешім қабылдау, жас басшыға тән қателіктерден сақтану, ата-аналардың өтініш-шағымдарымен жұмыс істеу және білім беру ісіндегі түйткілдерді болжау тәжірибесі туралы айтып берді.
Жиында Қазақстан Республикасының білім беру, еңбек және әкімшілік құқық саласындағы заң талаптарын орындау, басқару процесінің ашықтығы мен ұтымдылығын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты сараланды.
Семинардың практикалық бөлімінде қатысушылар мектеп тәжірибесінен алынған нақты жағдайларды (кейстерді) талдап, басшылық қызметте жиі ұшырасатын қателіктерден сақтану амалдарын талқыға салды.
Педагогтерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдау тәртібі мен кадр мәселесіндегі шешім қабылдау кезінде туындауы ықтимал қателіктер жеке талқыланды.
Қатысушылар басқару ісінің тиімділігін арттыру, басшының құқықтық сауатын жақсарту және кәсіби біліктілігін дамыту бойынша пайдалы кеңестер алды.
Семинар Алматы қаласы білім беру ұйымдарының жас басшылары үшін тәжірибе бөлісетін, пікір алмасатын және басшылық мәдениетін шыңдайтын ортаға айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-edu/press/news/details/1215059?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау