Алматыда мереке күндері «демалыс күнгі» жәрмеңке жұмысын жалғастырады. Бұл туралы «Алматы» ӘКК» АҚ мамандары айтты.
Жәрмеңке қала тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында өткізіледі.
Сауда алаңдарында Алматы қаласының, Алматы облысы аудандарының және Шығыс Қазақстан облысының өндірушілерінің өнімдері ұсынылған. Жалпы саны 305 қатысушының қатарында фермерлік шаруашылықтар мен жергілікті кәсіпкерлер бар.
Тұрғындарға 1000-нан астам азық-түлік түрі ұсынылады. Олардың қатарында ет, көкөніс пен жеміс-жидек, жұмыртқа, сүт және шұжық өнімдері, бал және өзге де күнделікті тұтынатын тауарлар бар.
2026 жылдың басынан бері жәрмеңкелерде шамамен 8 мың тонна өнім, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатылды.
Қазіргі уақытта «Алматы» ӘКК» АҚ Бостандық және Әуезов аудандарындағы жәрмеңкелерді кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба аясында инфрақұрылымды жаңарту, жабық және ашық павильондар, автотұрақтар, санитарлық тораптар, аялдама кешендері мен көріктендірілген қоғамдық кеңістіктер салу қарастырылған.
Жәрмеңке әр сенбі және жексенбі сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін мына мекенжайларда өтеді:
— Бостандық ауданы — «Қазақфильм» шағынауданы;
— Әуезов ауданы — Рысқұлбеков көшесі, 33/2;
— Медеу ауданы — Меңдіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы;
— Алмалы ауданы — Масанчи көшесі, Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығы.
Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін жәрмеңкелерді басқару және бағаның тұрақтылығын бақылау міндеті «Алматы» ӘКК» АҚ-қа жүктеледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1215785?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау