Ақтөбеде ауқымды трансформация басталады: «Алтын Орда» орталығы мен жаңа жобалар қаланың келбетін өзгертеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбеде облыс орталығының заманауи келбеті қалыптастырылады — мұнда іскерлік кварталдар, ірі қоғамдық кеңістіктер және жайлы қалалық орта пайда болады.

Жақын болашақта қалада жаңа ірі нысандар бой көтереді: «Алтын Орда» іскерлік орталығы, драма театры, жаңа стадион, спорттық арена, парк, заманауи сауда-ойын-сауық орталықтары, қонақүй, падел-теннис орталығы және жаңа іскерлік кеңістіктер.

Урбанистер дизайн-код, брендбук және көгалдандыру тұжырымдамасын әзірлейді. Бұл құжаттар ғимараттардың қасбеттерінен бастап қоғамдық кеңістіктерге дейінгі ортақ стандарттарды айқындайды. Соның нәтижесінде қала заманауи, үйлесімді әрі танымал келбетке ие болады.

Ақтөбе трансформациясында «Алтын Орда» қоғамдық-іскерлік орталығы ерекше орын алады. Бұл ауқымды кластер мәдени, спорттық және іскерлік функцияларды біріктіреді. Мұнда драма театры, заманауи стадион, көпфункционалды спорттық арена және 59 гектар аумақты қамтитын парк —қаладағы ең ірі рекреациялық аймақтардың бірі орналасады. Орталық «Алтын Орда» шағын ауданында салынады.

Жеке инвестициялар есебінен қалада 6,6 гектар аумақта орналасатын «Сая парк» сауда-ойын-сауық орталығы салынады. Онда кинотеатрлар, ойын алаңдары және демалыс аймақтары болады. Сонымен қатар төрт жұлдызды Holiday Inn қонақүйі, «Шынжыр – Urban City» қоғамдық-іскерлік кешені және «Ново сити Ақтөбе» компаниясының заманауи сауда-ойын-сауық орталығы іске асырылады.

Қалада сондай-ақ Падел-теннис орталығы ашылады. Бұл нысан тұрғындардың белсенді демалысына арналған тағы бір орынға айналады.

Бұдан бөлек, Мәметова мен Сейітов көшелерінің қиылысында заманауи қоғамдық-іскерлік кешен салынады. Мұнда бизнес-орталықтар, қоғамдық тамақтану орындары, IT-музей, коворкинг аймақтары және абаттандырылған серуендеу кеңістіктері қарастырылады.

Барлық жобаның іске асуы Ақтөбенің дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасы мен жайлылығын едәуір арттырады деп күтілуде.

Айта кетейік, облыс орталығының инфрақұрылымдық дамуы мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен отырыста қаралды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1215123?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version