Атырауда онкоурология саласында заманауи әдістер енгізілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бұл сала маман тапшылығына байланысты кенже қалып келген. Қазір онкоурологиялық отаның кез келген түрін жасауға мүмкіндік бар. Олардың қатарында бүйрек ісіктерін хирургиялық жолмен емдеу, қуық обырына жасалатын операциялар, қуықасты безіндегі ісіктерді емдеу, қалпына келтіру және ағзаны сақтап қалуға бағытталған оталар, сондай-ақ заманауи технологиялар көмегімен жүргізілетін инвазивтілігі аз хирургиялық тәсілдер бар.

Онкоуролог Даврон Ирисматовтың айтуынша, бұрын науқастар отаны өзге қалаларға барып жасатуға мәжбүр болса, қазір өз өңірінде емделе алады. Бұл, әсіресе, операциядан кейін де дәрігердің тұрақты бақылауында болуға мүмкіндік береді.

– Бүгін сол жақ бүйрекке лапароскопиялық резекция жасалды. Бұл жағдайдың ерекшелігі – ісік бүйректің орталық бөлігінде орналасып, сыртқа емес, ішке қарай өсіп жатыр. Әдетте мұндай жағдайда мүшені толық алып тастау ұсынылады. Алайда біз тек ісікті алып, бүйректі сақтап қалуға тырысамыз, – деді Д. Ирисматов.

Атырау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Эльмира Сапарованың сөзінше, негізгі мәселелердің бірі – аурудың кеш анықталуы, себебі бастапқы кезеңдерде дерттің белгілері байқала қоймайды.

– Осы орайда дәрігерлер шалғай елді мекендерге барып тексерулер жүргізіп, сенбі күндері “ашық есік” күндерін ұйымдастырады. Бүгінде кез келген адам жолдамасыз әрі тегін кеңес ала алады. Сонымен қатар мамандар әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, тұрақты тексерістен өтудің маңызын және аурудың алғашқы белгілері жайында хабардар етеді. Мысалы, түнгі уақытта жиі зәр шығару сияқты симптомдар тексерілуге себеп болады, – деді Э. Сапарова.

Биыл алғашқы үш айдың қорытындысы бойынша Атырау облысында онкологиялық аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 136,8-ге тең (245 жағдай) . Бұл 2025 жылмен салыстырғанда (100 мың адамға шаққанда 120,3, 214 жағдай) 13,7%-ға жоғары.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1215463?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version