С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде Қазақстанның жаңа Конституциясының негізгі ережелері талқыланды. Іс-шара «Respublica» партиясының Respublica jastary жастар қанатының бастамасымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов қатысты. Сарапшы елдің жаңа Конституциясының негізгі қағидаларына және оның мемлекет болашағы үшін маңызына кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, Ата заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, сондай-ақ мемлекеттік жүйені жетілдіруге бағытталған. Бұл құжат тек құқықтық акт қана емес, әсіресе жедел цифрландыру жағдайында мемлекеттің одан әрі дамуын айқындайтын стратегиялық бағдар болып саналады.
Жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі – оның адамға арналуы. Құжатта мемлекеттің ең жоғары құндылығы азамат, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген.
Сондай-ақ адам капиталы мен зияткерлік әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылған. Бұл қазіргі жаһандық үрдістерге толық сәйкес келеді.
Сонымен қатар, Ата заң ұлттық бірегейліктің маңызын айқындайды. Онда Қазақстанның тарихи жолы, қоғамдық құндылықтары мен алдағы даму басымдықтары көрініс тапқан. Сарапшының пікірінше, бұл жаңғыру мен дәстүр сабақтастығы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Жаңа Конституцияны қабылдауға қоғамдағы сұраныстың өзгеруі де себеп болған. Бүгінде әділетті қоғам құру, қоғамдық келісім сапасын арттыру және адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту өзекті мәселеге айналып отыр. Құжат Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтып, теңгерімді әрі бейбіт сыртқы саясат жүргізуге ықпал етеді.
«Жаңа Конституцияда отбасы құндылықтарына да ерекше мән берілген. 30-бапқа сәйкес, неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы ретінде айқындалып, мемлекет қорғауында болады. Сондай-ақ балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау жауапкершілігі атап өтіледі», – деді Жамаладен Ибрагимов.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту бағыты жарияланған қазіргі кезеңде цифрлық саланы құқықтық реттеу ерекше маңызға ие. Дербес деректерді қорғау және жаңа құқықтық тетіктерді қалыптастыру мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналуда.
Сарапшы жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін еске салды. Осы уақыттан бастап азаматтар оның практикалық маңызын толық сезіне алады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1215374?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау