Көлік полицейлері әуежайларда киберқылмыстың алдын алу шараларын өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     “Заң және тәртіп” қағидатын іске асыру аясында көліктегі полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері еліміздің бірқатар әуежайларында киберқылмыстың алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

     Атап айтқанда, Астана, Алматы, Өскемен, Қарағанды, Қызылорда, Петропавл, Орал, Шымкент, Тараз және Ақтау қалаларындағы әуежайларда “Киберқылмыстың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл” тақырыбында анимациялық бейнероликтер көрсетілді. Бейнематериалдар күту залдары мен кіреберіс аймақтардағы LED-экрандар арқылы мыңдаған жолаушыларға ұсынылды.

     Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың киберқылмыс түрлері мен олардан қорғану жолдары туралы ақпараттандыру деңгейін арттыру, сондай-ақ интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Сонымен қатар бұл бастама халықтың құқықтық және цифрлық сауаттылығын жетілдіруге бағытталған.

     Мамандардың айтуынша, технологиялардың қарқынды дамуы мен интернет-алаяқтық деректерінің көбеюі жағдайында азаматтарды киберқауіптер туралы хабардар ету ерекше маңызға ие. Бейнероликтерде фишингтік сілтемелер, банк қызметкерлері атынан жасалатын жалған қоңыраулар және мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі алаяқтық тәсілдер сияқты кең таралған схемалар түсіндірілді.

     Сонымен қатар жеке деректерді қорғау, онлайн-қызметтерді қауіпсіз пайдалану және күмәнді ақпараттың шынайылығын тексеру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Көлік полицейлері азаматтарды интернет арқылы жасалатын операциялар кезінде барынша мұқият болуға және құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеуге шақырды.

     Көліктегі полиция департаменті ақпараттық технологиялар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыра бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1215218?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version