Бүгін Көліктегі полиция департаментінде Ұлы Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Департаменттің басшылығы, жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Бұдан соң майдан даласынан оралмаған батырлардың рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мерекелік жиынды ашқан Көліктегі полиция департаментінің бастығы Абзал Жұматаев жиналғандарды еліміздің ұлық мерекелерімен күндермен құттықтады.
«Аға буынның сұрапыл соғыстағы жанкешті ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі қайсарлық пен патриотизмнің жарқын үлгісі. Біз бүгінгі бейбіт өмір үшін құрбан болған сол батыр бабаларымыздың өшпес ерлігін ұлықтаймыз»,- деді полиция полковнигі.
Сонымен қатар, ол Отан қорғаушылар күнінің маңыздылығына тоқталып, айтулы мерекенің баршаға ортақ мейрам екенін айтты. Өйткені, елін қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы.
Бас көлік полицейі жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісіне сүбелі үлес қосып, қызметтегі бай тәжірибесімен бөлісіп жүрген ішкі істер органдарының ардагерлеріне де шынайы алғысын білдірді. Ол барша жиналғандарға зор денсаулық, бақ-береке, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Айтулы мерекелерге орай және қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғандары үшін көлік полициясының 85 қызметкері мен 70 ішкі істер органдарының ардагерлері ҚР ІІМ мен Көліктегі ПД-нің ведомстволық медальдарымен, төсбелгілерімен, грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1215593?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау