Маңғыстауда «Senat Open – 2026» III ашық кубогының ширек финалы басталды
Маңғыстау облысында облыстық мәслихат аппаратының ұйымдастыруымен «Senat Open – 2026» III ашық кубогының ширек финалдық кезеңі өтуде, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, сондай-ақ облыстық мәслихат аппаратының басшысы Әділбек Дауылбаев қатысты.
Салтанатты жиында Маңғыстау облыстық мәслихатының төрағасы Жаңбырбай Матаев шахматтың еліміздегі зияткерлік әрі бұқаралық спортты дамытудағы маңызды рөлін атап өтті.
-Шахмат – ой мен зердені, сабыр мен стратегиялық пайымды тоғыстыратын ерекше спорт түрі. Ол ең алдымен ойлау мәдениетін дамытып, дұрыс әрі тиімді шешім қабылдауға үйрететін ірі интеллектуалдық өнер деп есептейміз. Бұқаралық спортты дамыту, соның ішінде жастарды қолдау – бүгінгі өткізіліп отырған турниріміздің нақты дәлелі, – деді Жаңбырбай Матаев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир мәслихат депутаттары мен аппарат қызметкерлерін, мемлекеттік қызметшілерді, ұлттық компаниялар өкілдерін, қоғамдық кеңес мүшелерін, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласының мамандарын, құқық қорғау органдары қызметкерлерін, БАҚ өкілдерін және ардагерлерді біріктіріп отыр.
Маңғыстау облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Әділбек Дауылбаев турнирдің ауқымы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
-«Senat Open» шахмат турнирі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі кезеңге 150 шахматшы қатысып, олардың 35-і жартылай финалға жолдама алады. Биыл облыс бойынша іріктеу кезеңдеріне шамамен 2 мыңға жуық шахматшы қатысып, белсенділік танытты. Жартылай финал 6 маусым күні Маңғыстауда өтеді. Онда өңіріміздің үздік шахматшылары мен батыс өңірлерден келген қатысушылар бақ сынайды. Ал республикалық финал 26 маусымға жоспарланған, – деді Әділбек Дауылбаев.
Айта кетейік, 1/8 финал аясында 7 іріктеу кезеңі өткізіліп, оған әртүрлі санаттағы 500-ге жуық қатысушы қатысқан. Сол іріктеу нәтижелері бойынша бүгінгі ширек финалға жолдама алған шахматшылар анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша 35 үздік шахматшы анықталып, олар 6 маусым күні өтетін жартылай финалда Маңғыстау облысының намысын қорғайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1215723?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау