7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында құтқару саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген Көшкінбаев Ержан Қонысбайұлының еңбек жолына көз жүгіртеміз.
Отан қорғаушылар күні ел қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген барлық азаматтардың мерекесі. Солардың бірі – Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқарма бастығының орынбасары Көшкінбаев Ержан Қонысбайұлы.
Ержан Қонысбайұлы білім жолын физика-математика бағыты бойынша жалғастырып, жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына шақырылды. Әскери қызмет оны тәртіпке, жауапкершілікке және төзімділікке үйретті.
Әскерден кейін азаматтық өмірде еңбек етіп, кейіннен өз тағдырын төтенше жағдайлар саласымен байланыстырды. Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша білім алып, кәсіби біліктілігін арттырды.
Бүгінде Ержан Қонысбайұлы Қостанай облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады. Оның күнделікті жұмысы – адамдардың өмірі мен мүлкін қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жоюға бағытталған.
Ержан Қонысбайұлы тек білікті маман ғана емес, сонымен қатар өнегелі отбасы иесі. Оның өміріндегі ең үлкен тірек – отбасы. Жары білім беру саласында еңбек етіп, жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосып келеді. Екеуі бір-бірін қолдап, түсіністік пен сыйластықты басты орынға қойған жанұя.
Олар екі ұл тәрбиелеп отыр. Ұлдарына кішкентай кезінен еңбекқорлықты, тәртіпті және елге қызмет етудің маңызын үйретіп келеді. Әке ретінде Ержан Қонысбайұлы балаларына әрдайым үлгі болуға тырысады. Оның қызметтегі жауапкершілігі мен тәртібі отбасы тәрбиесінде де көрініс табады.
Әріптестері оны өз ісіне жауапты, сенімді маман ретінде бағалайды. Ал отбасы – оның басты тірегі. Ол – үлгілі әке, сүйікті жар.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында осындай азаматтардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Себебі ел қауіпсіздігі тек қарумен ғана емес, бейбіт күндегі қажырлы қызметпен де қамтамасыз етіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-kostanay/press/news/details/1215539?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау