Рибейрао-Прету қ., 2026 жылғы 29 сәуір – 3 мамыр – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин бастаған қазақстандық делегация Бразилияға жұмыс сапарымен барды.
Сапардың негізгі мақсаты – екі ел арасында мал шаруашылығы саласында серіктестік орнату, Қазақстанда «Ангус», «Герефорд» ірі қара тұқымдарын өсіру бойынша тәжірибемен алмасу, генетика мен эмбриондарды бірлесіп әзірлеу, сондай-ақ Бразилиядан елімізге тірі мал экспортын жолға қою болды. Сондай-ақ, делегация Рибейрао-Прету қаласында өткен Латын Америкасындағы ең ірі агроөнеркәсіптік «Agrishow 2026» көрмесіне қатысты.
Агрокөрме аясында Қазақстан Елшілігінің қатысуымен және ұйымдастырушылық қолдауымен делегация құрамында келген қазақстандық агроөнеркәсіптік компаниялардың өкілдері бразилиялық серіктестермен мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және тірі мал экспортын дамыту мәселелері бойынша сараптамалық келіссөздер жүргізді.
Жалпы, сапар барысында қазақстандық делегация Бразилияның бес қаласында (Убераба, Уберландия, Сан-Жозе-ду-Риу-Прету, Барретус және Итапетинингада) болып, онда бірқатар екіжақты кездесулер, таныстырылымдар өткізді және «Agropecuaria 3G», «Halim Laboratory», «TRULAND» және өзге да бразилиялық компаниялардың агроөнеркәсіптік кешендерін аралады.
Убераба қаласында Аманғали Бердалин «Зебу» және «Ангус» тұқымдарын өсіру бойынша Бразилия қауымдастығының («ABCZ») басшылығымен кездесу өткізді, сондай-ақ «Ottoman Negócios» компаниясының бордақылау алаңымен танысты. Келіссөздер күн тәртібінде Қазақстанда зебу тұқымының эмбриондарын өсіруге арналған зертхана құру жобасын іске асыру мәселелері де қаралды. Сапар қорытындысы бойынша екі ел арасында мал шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімді әзірлеу және оған қол қою жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтама: Бразилиядағы мал шаруашылығы – елдің агроөнеркәсіптік кешенінің негізін құрайтын жоғары дамыған сала. Ел, мал басы саны мен ет өнімдерін экспорттау көлемі бойынша әлемде жетекші орындардың бірін иеленіп, кең ауқымды жайылымдық шаруашылықтың арқасында әлемдік нарықтың елеулі үлесін қамтамасыз етеді. «Agrishow 2026»-ға – жыл сайын шамамен 800 компания қатысып, 200 мыңнан астам келуші жиналатын Латын Америкасындағы ең ірі ауыл шаруашылығы технологияларының көрмесі болып табылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1215649?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау