Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленген «Топырақты қорғау туралы» заң жобасы ілеспе түзетулермен бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат топырақ ресурстарын басқару, оларды қорғау, сақтау және құнарлылығын арттыру, сондай-ақ жердің тозуын болдырмау мақсатында бірыңғай заңнамалық база қалыптастыруға бағытталған.
Заң жобасы жүйелі сипатқа ие және осы саладағы олқылықтарды жоюды көздейді. Бұл ретте құжат жерді алып қою мәселелеріне қатыспайды, керісінше жердің сапалық жай-күйін қамтамасыз етуге басымдық береді. Атап айтқанда, онда «топырақ» ұғымы «жер» деген ауқымды ұғымнан бөлектеліп, топырақ жамылғысын қорғау мен ұтымды пайдалану бойынша жеке тетіктер бекітіледі.
Заң жобасында топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері айқындалады. Олардың құзыретіне топырақ құнарлылығын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған өңірлік іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және іске асыру кіреді.
Сонымен қатар, бұл саладағы ғылыми зерттеулердің басым бағыттары белгіленіп, ғылыми сүйемелдеудің жүйелілігін және тиімділігін арттыру көзделеді.
Заң жобасында топырақты қорғау мен қалпына келтірудің тәжірибелік шараларына ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, топырақ қорғау технологияларын міндетті түрде енгізу қарастырылған. Олардың қатарында минималды және нөлдік өңдеу, қар тоқтату, сондай-ақ ғылыми негізделген ауыспалы егіс жүйесін сақтау және тыңайтқыштарды дұрыс қолдану бар. Бұдан бөлек, топырақта қауіпті химиялық заттардың жиналуын болдырмау және топырақ жағдайына байланысты кейбір ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге шектеулер енгізу ұсынылады.
Құжат топырақты су басу, батпақтану, екінші реттік тұздану, тозу, құрғау және тығыздалу сияқты жағымсыз процестерден қорғау талаптарын бекітеді. Жекелеген бөлім тозған жерлерді қалпына келтіру мәселелеріне арналған. Бұл шараларды іске асыру топырақтық және агрохимиялық зерттеу деректеріне негізделеді.
Заң жобасының маңызды құрамдас бөлігі — заманауи мониторинг құралдарын енгізу. Атап айтқанда, топырақ тозуын болжау модельдерін әзірлеу, жерді қашықтықтан зондтау деректерін пайдалану, сондай-ақ топырақ ресурстарының жай-күйін талдау және картографиялау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану көзделген.
Заң жобасы қабылданған жағдайда жер ресурстарын тұрақты басқару бағытындағы маңызды қадам болмақ және топырақ құнарлылығын ұзақ мерзімді сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы кешенін дамытудың негізгі факторларының бірі саналады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1215474?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау