Алматы өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері ардагер десантшыны құттықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагері Виктор Карпович Изюмниковты құттықтады.

Қорғаныс ведомствосының өкілдері майдангердің үйіне әскери оркестрмен барып, Виктор Карповичтің сүйікті әуендерін орындады. Көршілері мен әскери қызметшілер Ұлы Жеңіс жолында ерлік көрсеткен ардагерге алғыстарын жаудырып, қошемет көрсетті. Қарияға Қорғаныс министрінің  Алғыс білдірген құттықтау хаты табысталды.

Виктор Карпович Венгрия мен Австрия жерлерінде шайқасып, Вена қаласын шабуылдауға және Чехословакия шекарасындағы Зноймо қаласын азат етуге қатысқан. Жеңіс күнін сол жерде қарсы алған. Оның жанқиярлық ерлігі II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен және басқа да марапаттармен бағаланған.
Ардагерді құттықтауға Армия орталық спорт клубының өкілі, бокстан әлем чемпионы Ангелина Лукас та қатысты. Ол Виктор Карповичке бейбіт өмір сыйлағаны үшін алғыс айтып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және жан жылуын тіледі.

– Виктор Карпович – аңыз адам, жеңімпаз ұрпақтың өкілі. Бүгінгі бейбіт өміріміз осы кісілердің ерлігінің арқасы. Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері үшін оның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің және халқына деген шынайы берілгендіктің үлгісі, – деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов.

Өз кезегінде ардагер көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін алғысын білдіріп, бүгінгі таңда ең маңыздысы – жеңімпаз ұрпақтың ерлігін ұмытпай, жастарды патриоттық рухта, тарихты құрметтеуге және Отанды сүюге тәрбиелеу екенін айтты.

Осындай кездесулер – ардагерлерге көрсетілген құрмет қана емес, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі әрі Жеңістің қандай ауыр бағамен келгенін еске салатын маңызды тағылым.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1215935?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version