Абай облысы Аягөз ауданының Ақши ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жаңартылған ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді. Аталған бастама шалғай ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қою жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жамбыл Жабаев, Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров және ауыл тұрғындары қатысты.
Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруы үшін бекетте барлық қажетті жағдай жасалған. Жеке құрамға арналған тұрмыстық үй-жайлар мен демалыс бөлмелері қарастырылып, тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бекет өрт сөндіру автоцистернасымен, өрт-техникалық жабдықтармен, арнайы қорғаныш киімімен және байланыс құралдарымен жарақталған.
Жаңа нысан Ақши және Ақтүбек ауылдарына, сондай-ақ оннан астам қыстаққа қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету аймағында 182 тұрғын үй орналасқан, халық саны 678 адам. Осындай бекеттердің шалғай елді мекендерде ашылуы төтенше жағдайларға ден қою уақытын едәуір қысқартып, өрт сөндіру тиімділігін арттыруға, сондай-ақ адам өмірін құтқаруға, материалдық шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Іс-шара бекет аумағында ағаш отырғызумен аяқталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1215882?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау