Жеңістің 81 жылдық мерекесі қарсаңында Қандыағаш қаласында жерлесіміз, марқұм Ұлы Отан соғысының ардагері, Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы Өтеш Жалмағамбетовтың құрметіне көше аты берілді.
Орталық саябақта ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, соғыс ардагерінің ұрпақтарымен қала тұрғындары қатысты.
-Елім деген ерлердің есімін ардақтау, ұлықтау кейінгі толқын, жас ұрпақты елді, туған жерді сүюге, ерлікке бастайды. Бүгінгі салтанатты іс-шарада жерлесіміз Өтеш Жалмағамбетов атамыздың есімімен аудан орталығындағы бір көшенің аталуы құптарлық іс, ерлікке тағзым деп білемін, – деп атап өтті өз сөзінде аудан әкімі.
Іс-шарада сөз алған майдангер ардагердің ұрпақтары әке есімін ардақтауға атсалысқан аудан басшылығына және қолдау білдірген аудан жұртшылығына ризашылығын жеткізді.
Өтеш Жалмағамбетов 1924 жылы Мұғалжар ауданы «Ембі» кеңшарына қарасты Бұлақ ауылында дүниеге келді. 1932-1933 жылдары ашаршылық кезінде балалар үйінде тәрбиеленген. Ол әскерге 18 жасында 1942 жылы алынған. Содан фашистерді жеңгенше майданда жүрді. 1945 жылдың 20 мамырында Эльба өзені жағасындағы Торгау деревнясында кеңес әскерінің ағылшын-американ армиясымен кездесуіне куә болды. Сол жерде жеңістің тойын тойлады.
Ардагер 2020 жылы өмірден өтті. “Қызыл жұлдыз”, “Ерлігі үшін”, “Құрмет” ордендерімен наградталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-mugalzhar/press/news/details/1215857?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау