Қауіпсіздік – ел тыныштығының кепілі
Ахмет ауылында заманауи модульді жаңа өрт сөндіру бекеті салтанатты түрде ашылды. Бұл – ауыл халқының қауіпсіздігін күшейтіп, адам өмірін сақтауға бағытталған маңызды нысан.
Жаңа бекеттің іске қосылуы төтенше жағдай кезінде оқиға орнына жету уақытын қысқартып, авариялық-құтқару жұмыстарын жедел әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – әрбір тұрғынның тыныштығы мен амандығына деген сенімді арттыратын нақты қадам.
Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Сайранұлы Әрінов, Нұра ауданының әкімі Мұқанов Бақытжан Мылтықбайұлы, аудандық сала басшылары, өрт сөндіру қызметінің мамандары мен ауыл ақсақалдары қатысты. Қазақы дәстүрге сай лента қиылып, әжелер шашу шашты. Ауыл ақсақалы Сүйініш Халымбай ақ батасын беріп, елге тыныштық, қызметке береке тіледі.
Іс-шара барысында жаңа өрт сөндіру бекетінің салынуына және іске қосылуына үлес қосқан азаматтар марапатталды. Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатымен Нұра ауданы әкімінің орынбасары Есжанов Бахытжан Нұрхатұлы, Ахмет ауылының әкімі Теміров Дәулет Мерекеұлы марапатталды.
Сонымен қатар «Toyota Hilux» маркалы қызметтік автокөліктің кілті Нұра ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Исаев Бекболат Ахатұлына салтанатты түрде табысталды.
Жаңа бекет «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында заманауи өрт техникасы мен қажетті жарақтармен толық жабдықталды. Бұл – мемлекеттің ауыл қауіпсіздігіне деген тұрақты қолдауының айқын көрінісі.
Өрт сөндіру қызметі – ерлік пен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Сондықтан бұл бекет – жай ғана ғимарат емес, бұл – адам өмірін қорғауға арналған сенімді қалқан.
Толығырақ «Нұра таңы» газетінің 07 ақпан күнгі №5 санынан оқи аласыздар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-nurinsk-akhmet/press/news/details/1216737?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау