Ү.ж. 29 сәуірде Қазақстанның Астрахандағы Бас консулы Қанат Хасеновтың Минеральные Воды қаласына (Ставрополь өлкесі) жұмыс сапары аясында Кавказ инвестициялық форумына қатысты.
Бұл – Солтүстік Кавказдың әлеуеті мен оны дамытуға бағытталған жобаларды таныстыруға арналған ең ірі алаңдардың бірі. Іс-шара бағдарламасына инвестициялар, кәсіпкерлік, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, туризм, денсаулық сақтау, халықаралық ынтымақтастық және әлеуметтік бастамалар секілді негізгі экономикалық тақырыптар бойынша пікірталастар енгізілген.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Бас консулы Қанат Хасеновтың Дағыстан Республикасының басшысы Сергей Меликовпен кездесуі өтті. Тараптар екіжақты өңіраралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Көлік-логистика әлеуетін дамытуға айрықша мән берілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымын ұлғайту, аграрлық технологиялар саласында тәжірибе алмасу және мал шаруашылығын дамыту мәселелері қарастырылды.
Сонымен қатар өзара туризмді дамыту мәселелері талқыланды. Сергей Меликов Дағыстанның Каспий жағалауында жүзеге асырылып жатқан негізгі туристік жобалар туралы ақпарат берді.
Сондай-ақ Кабардин-Балқар Республикасының басшысы Казбек Коковпен кездесу өтті. Кездесу барысында дипломат Қазақстан Елшісі Дәурен Абаевтың сәлемін жеткізді. Әңгіме барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық пен туризмді дамыту мәселелері қаралды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.
Анықтама үшін: Кавказ инвестициялық форумы (КИФ) – Солтүстік Кавказды дамыту мәселелері талқыланып, өңірлердің инвестициялық жобалары таныстырылатын негізгі федералдық алаңдардың бірі. Мұнда билік, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдері инвестициялар мен инфрақұрылымнан бастап жекелеген салаларды дамытуға дейінгі нақты шешімдерді талқылау үшін бас қосады.
Форум тәжірибелік іскерлік алаң ретінде жұмыс істейді: онда келісімдерге қол қойылып, мемлекеттік қолдау шаралары талқыланады және макроөңір экономикасының ұзақ мерзімді даму бағдарлары айқындалады. КИФ-тің негізгі мақсаты – Солтүстік Кавказ федералдық округінің инвестициялық тартымдылығын арттыру және Оңтүстік федералдық округпен, Ресейдің өзге өңірлерімен, сондай-ақ жақын және алыс шетел мемлекеттерімен өзара іс-қимылды күшейту. Негізгі назар жаңа өндірістерді іске қосуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, туризмді, агроөнеркәсіптік кешенді және логистиканы дамытуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-astrakhan/press/news/details/1216138?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау