Күн жылынып, қолайлы ауа райы орнағалы қала аумағында абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіле бастады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің тапсырысымен биыл қала көшелеріне мыңдаған көшет отырғызылды: Ерден көшесінің бойына – 1000 түп, Ұлытау көшесіне – 6667 түп, ал қалаға кіреберістегі «жасыл дәлізге» – 1484 түп жас ағаш егілді. Сонымен қатар жасыл желекті уақытылы суару үшін қала бойынша 6 ұңғыма орнату жоспарланған. Бұл жұмыстар маусым айының соңына дейін толық аяқталады. Бүгін мәслихат төрағасы Қайрат Балмағамбетов пен депутат Абулаис Мулақов атқарылып жатқан жұмыстардың барысына депутаттық бақылау жүргізді. Халық қалаулылары ұңғыма орнату технологиясымен танысып, мердігерлерге бірқатар сауалдар жолдады. Алайда қаланы көркейтуге кедергі келтіретін бір мәселе – қала көшелерінде бақылаусыз жайылып жүрген мал ағаштар мен көшеттерге зиян келтіріп, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне кері әсерін тигізері анық. Осыған байланысты Ұлытау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 18 мамырдағы №23 шешімімен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларына» сәйкес малды қараусыз жіберетін иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы бойынша айыппұл салынатындығын ескертеміз. Қалалық мәслихат депутаттардың ұсынысымен қала кіреберісіндегі «жасыл дәлізді» қоршау жұмысы қолға алынды. Әрине, бұл шара жасыл желекті сақтау мәселесін түбегейлі шешпейді. Оның үстіне қосымша қаржыны талап етеді, ал қаладағы барлық ағашты қоршаумен қамту мүмкін емес. Қала — ортақ үйіміз. Оны бірге көркейтейік!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-satpaev/press/news/details/1216896?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау