Бангкок, 2026 жылғы 6 мамыр – Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Африка істері жөніндегі департаментінің Бас директоры Ураса Монгколнавинмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Таиланд ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ жоғары және аса жоғары деңгейлердегі алдағы бірлескен іс-шараларды дайындау мәселелерін талқылады.
Тай тарапы Қазақстанмен саяси диалогты одан әрі тереңдетуге және практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілігін растады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар жаңа жобаларды ілгерілетуге және Қазақстан мен Таиланд бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен іскерлік іс-шаралар мен бизнес-форумдарды ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын одан әрі жетілдірудің маңыздылығы атап өтілді.
Көлік байланысын дамыту және Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік-логистикалық буын ретіндегі әлеуетін арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Ураса Монгколнавин Таиландтың логистика, инфрақұрылым, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытатынын жеткізді.
Әңгіме барысында тараптар гуманитарлық және медициналық салалардағы ынтымақтастықтың дамуына оң баға беріп, денсаулық сақтау саласындағы практикалық өзара іс-қимыл мен тәжірибе алмасуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық күн тәртібі аясында тараптар өңірлік қауіпсіздік, АСЕАН шеңберіндегі өзара іс-қимыл және халықаралық бастамаларды ілгерілету мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан тарапы АСЕАН-ның өңірлік архитектурадағы орталық рөлін қолдайтынын растады және Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат тай серіктестерін халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастама, тұрақты даму мен цифрландыру салаларындағы жұмыстар туралы хабардар етті, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі сындарлы өзара іс-қимыл үшін Таиланд тарапына ризашылығын білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға және дипломатиялық арналар арқылы тығыз жұмысты жалғастыруға бейілділіктерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1216549?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау