Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінен төрт азамат жазасын өтеп, бостандыққа шықты. Мекеме қызметкерлері олар үшін “Қақпа алдында кездесу” атты әлеуметтік бейімдеу шарасын ұйымдастырды
Шараның негізгі мақсаты – бостандыққа шыққан азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету, құқықтық сауаттылығын арттыру және қайталама қылмыстың алдын алу. Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, құқық қорғау саласының мамандары мен әлеуметтік қызметкерлер қатысып, босатылған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік бағытта кеңестер берді. Сондай-ақ құжат рәсімдеу мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат ұсынылды. Алайда күннің ең әсерлі сәті мекеме қақпасының алдында болды. Бостандыққа шыққан азаматтардың бірі – жол-көлік оқиғасына байланысты жазасын өтеп келген жан. Мерзімі аяқталған соң ол еркіндікке шыққанда, қақпа алдында оны анасы күтіп тұрды. Көптен күткен кездесуде ана жүрегі сағынышқа толып, ұлын құшағына алып, көз жасына ерік берді. – Баламды аман-есен күткеніме шүкір. Әр күнді сағынышпен өткіздік. Енді тек жақсы жолға түсіп, өткен қателіктерін қайталамай, жаңа өмір бастаса екен деп тілеймін. Біз әрқашан жанындамыз, – деді анасы. Бұл сәт – тек сағыныш емес, үміт пен кешірімнің, аналық мейірімнің айқын көрінісі болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/duiskzl/press/news/details/1216249?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау