9 мамыр — Ұлы Жеңіс күні

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрметті отандастар!

9 Мамыр – тарихымыз бен ұлттық жадымызда айрықша орын алатын күн. Ұлы Отан соғысы бүкіл халық үшін ауыр сынақ болды, ол Қазақстандағы әрбір отбасының тағдырына әсер етті. Майданға 1,2 миллионнан астам қазақстандық аттанды, олардың 600 мыңнан астамы туған жеріне оралмады.

Қазақстандықтар майдан шебінде ғана емес, тылда да жанқиярлықпен еңбек етіп, табандылықтың, бірліктің және Отанға деген шексіз адалдықтың үлгісін көрсетті. Халқымыздың ерлігі, батырлығы мен жанқиярлығы ұлттық жадымызда және ұрпақтар алғысында мәңгі сақталады. Рухтың мықтылығы, ауызбіршілік пен қайсар еріктің арқасында соғыс жылдарындағы ауыр сынақтар еңсеріліп, Ұлы Жеңіске қол жеткізілді.

Сол жылдардағы оқиғалар мен жеңімпаз ұрпақтың ерлігі туралы естелік бізді біріктіріп, бейбіт өмірдің қадірін, өзара құрметтің, келісім мен бірліктің маңызын еске салады. Осы тарихи жадыны сақтай отырып, біз Отанымызды қорғаған майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне терең құрмет білдіреміз және келер ұрпаққа бейбітшілік, адамгершілік пен отансүйгіштік құндылықтарын аманат етеміз.

Осы айтулы күні баршаңызға бейбіт өмір, амандық, зор денсаулық, бақ-береке және ертеңгі күнге сенім тілейміз.

Әр шаңырақта тыныштық, жылулық пен татулық орнасын, ал Ұлы Жеңіс туралы жадымыз жүрегімізде мәңгі сақталып, бізді бейбітшілік пен бірлікті, өзара сыйластықты нығайтуға әрдайым жігерлендірсін.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1217026?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version