Алматы қаласының Әуезов ауданында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтіп жатыр. Бағдарлама Family Park демалыс саябағының бас сахнасында ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына патриоттық рухтағы концерт, көрмелер мен спорттық жарыстар ұсынылуда.
Әуезов ауданы әкімдігі аппараты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас инспекторы Айгерім Меңдешқызының айтуынша, мерекелік іс-шараның басты ерекшелігінің бірі – «Жеңіс лентасы» акциясы мен дала асханасы. Акция барысында аудан тұрғындарына көк түсті, мемлекеттік рәміздермен үйлесім тапқан арнайы жеңіс ленталары таратылып жатыр. «Әуезов ауданында бір соғыс ардагері, мыңнан аса тыл ардагері тұрады. Концерттен кейін ауданымыздың белсенді тыл ардагерлеріне мейрамханада түскі ас ұйымдастырамыз. Бокс пен шахматтан жарыстар өткізілуде. Тұрғындарға жеңіс ленталарын таратып, бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін насихаттауды мақсат еттік», – деді Айгерім Меңдешқызы.
Концерттік бағдарлама аясында Жасұлан әскери колледжінің сарбаздары «Жеңіс күні» әнін хормен орындады. Сондай-ақ, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары әскери дефиле мен қару-жарақ көрсетілімін ұсынды. Мерекелік іс-шараға белгілі өнерпаздар да қатысуда. Қазақстанның мәдениет саласының өкілдері Назгүл Әбибекова, «Мәрмәр» тобы мен «Жетіген» ансамблі «Катюша» әнінің қазақша нұсқасын ерекше форматта орындады. Ал әнші Мәдина Жамбылқызы «Синий платочек» әнін сахналық қойылыммен ұсынып, Жеңіс күніне арналған жаңа «Перизат» әнінің тұсауын кесті.
Сонымен қатар, дәстүрлі мерекелік шаралардың бірі ретінде дала асханасы құрылып, мыңнан астам адамға солдат ботқасы таратылды. “Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімдігімен бірлесіп, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының жеке құрамының қатысуымен арнайы “солдат ботқасы” акциясын ұйымдастырып отырмыз. Соғыс жылдарындағы жауынгерлердің тұрмысын еске алып, ерлік көрсеткен батырларға тағзым білдіру мақсатындағы бастама бұл. Осы орайда баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын”,- деді Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бастығының тыл жөніндегі орынбасары, подполковник Ержан Серікбайұлы. Ботқа қарақұмық жармасы мен консерві өнімдерінен соғыс жылдарындағы әдіс бойынша дайындалып, тұрғындарға тәтті шаймен бірге ұсынылды.
Сонымен қатар мерекеде «Даңқ бұрышы» көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда соғыс кезеңінен сақталған тарихи жәдігерлер, арнайы тапсырыспен жасалған экспонаттар және аудан қолөнершілері мен суретшілерінің туындылары қойылған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-auezov/press/news/details/1217109?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау