Ерлікке тағзым – ұрпаққа аманат. Қарағанды облыстық Полиция департаментінде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алуға арналған тағылымды шара өтті. Департамент басшылығы, жеке құрам, ардагерлер және “Жас сақшы” сыныбының оқушылары қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтарын қойып, ел тыныштығы жолында жанын қиған әріптестердің рухына тағзым етті. Іс-шара барысында жиналғандар қызметтік борышын адал атқарып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ерлікпен қаза тапқан сақшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сондай-ақ дәстүрге сай аспанға үш мәрте оқ атылды. Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов тәуелсіздік жылдарынан бері өңірдің ішкі істер органдарында қызмет еткен 80-ге жуық полиция қызметкері қаза тапқанын атап өтті. Оның ішінде 11 қызметкер қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, ерлікпен көз жұмған. – Бұл -батыр әріптестеріміздің рухына тағзым етіп қана қоймай, олардың ерлігі мен адал қызметін жас ұрпаққа үлгі етуге бағытталған маңызды шара. “Жас сақшы” сыныбы оқушыларының қатысуы ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі, -деді ол. Тағылымды шара өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті нығайтып, ел тыныштығы жолында жанқиярлықпен қызмет еткен тәртіп сақшыларының ерлігін ұлықтауға арналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1217029?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау