Бүгін Түркістан қаласында көпбалалы аналарды марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиын барысында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды.
Іс-шараға Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Э.Бейсенова, Түркістан қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы М.Абуова және көпбалалы аналар қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Э.Бейсенова аналарды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, ананың қоғамдағы орны мен отбасы құндылықтарын нығайтудағы рөліне ерекше тоқталды.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 07 сәуірдегі №1223 Жарлығына сәйкес бірқатар аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградалары салтанатты түрде табысталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан қаласында 17 264 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 1 250 ана – «Алтын алқа», 2 749 ана – «Күміс алқа» иегері. Сонымен қатар, I–II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 81 ана бар. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар 13 122 ана тіркелген.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1217128?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау