Қосшы дамуының жаңа кезеңі: LRT және индустриялық аймақ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Биыл Қосшы қаласына 5 жыл толады. Салыстырмалы түрде қысқа уақыт ішінде бұрынғы ауыл Ақмола облысындағы ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың біріне айналды. Мұнда әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым дамып, жаңа тұрғын үй алаптары, жолдар, мектептер, спорттық және мәдени нысандар салынуда. Қаланың дамуы бүгінде қарқынды жалғасуда. Әкімдік алдында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және заманауи қалалық орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды міндеттер тұр.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, Қосшы елде алғашқылардың бірі болып қала мәртебесін алған елді мекендердің бірі, әрі оның дамуы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында.

«Бүгінде Қосшыда бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін қаланы толық газдандыруды аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар су, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жобалары әзірленуде. Денсаулық сақтау саласындағы маңызды нысандардың бірі – Қосшы қаласы мен оған іргелес жеті аудан халқына қызмет көрсететін 350 орындық көпсалалы аурухана құрылысы болады», – деді өңір басшысы.

Қаланың көлік қолжетімділігіне және елордамен ықпалдасуына ерекше назар аударылуда. Стратегиялық жобалардың бірі – LRT-ның екінші кезеңін іске асыру. Жаңа желі халық тығыз қоныстанған бағыттар арқылы өтіп, «Астана-1» теміржол вокзалынан Қосшы қаласына дейін жалғасады.

Дамудың тағы бір маңызды кезеңі – аумағы 200 гектардан асатын республикалық маңызы бар Aqmola индустриялық аймағын іске қосу болмақ. Ол Астана маңындағы жаңа экономикалық орталық ретінде қалыптасуда. Негізгі инвестор ретінде HNCEG компаниясы «Жібек жолы» инновациялық-индустриялық паркін жүзеге асырады. Жоба аясында жаңартылатын энергия көздеріне арналған компоненттер, техника, қасбеттік материалдар өндірісі, дата-орталық құру және басқа да өндірістер іске қосылады. Сонымен қатар индустриялық аймақта сүт өнімдері мен ірімшік өндіру, көкөніс пен жеміс-жидекті өңдеу, шыныпакеттер мен қалалық ландшафт конструкцияларын шығару кәсіпорындарын ашу жоспарланған.

Барлық жобаларды іске асыру нәтижесінде шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылып, бұл Қосшы қаласы мен тұтастай Ақмола облысының экономикалық өсіміне қуатты серпін береді. 2030 жылға қарай қала елордалық агломерацияны дамытудың негізгі орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуды жоспарлап отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1216993?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version