Қостанай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кезекті «Таза ойындар» экоакциясы ұйымдастырылды. Ауқымды шара қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындарды табиғатты аялауға және елді мекендердің тазалығын сақтауға бағытталды.
Экоакцияға аудан тұрғындары, жастар ұйымдары, волонтерлер, студенттер, блогерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты. Жалпы саны 300-ден астам адам қатысқан шара нағыз ұйымшылдық пен азаматтық жауапкершіліктің үлгісіне айналды.
Шараны Қостанай ауданы әкімдігі мен Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Экоакцияға дзюдодан спорт шебері, жастар арасындағы Еуропа кубогының чемпионы Досбол Балғабай арнайы қатысып, қатысушыларға сергіту жаттығуын өткізді. Сонымен қатар спорттағы жетістіктері үшін оған аудан әкімінің атынан 200 мың теңгелік сертификат табысталды.
Жаппай жаттығудан кейін қатысушылар Қалабаев және Парковая көшелері бойындағы сай аумағына барып, қоқыс жинау жұмыстарына кірісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл орын кездейсоқ таңдалмаған. Аталған аумақта жыл сайын тұрмыстық қалдықтар көп жиналып, санитарлық жағдай күрделене түседі.
Акция ережесіне сәйкес командаларға қоқыс жинауға бір сағат уақыт берілді. Қатысушылар 10 адамнан құралған топтарға бөлініп, белгіленген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Қысқа уақыт ішінде ондаған қап қоқыс жиналып, коммуналдық қызметтердің арнайы техникасы арқылы шығарылды.
Экоакция барысында пластик, шыны, металл, қағаз, целлофан және өзге де тұрмыстық қалдықтар жиналды. Нәтижесінде ұзақ уақыт бойы ластанып келген аумақ айтарлықтай тазартылды.
Жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынды мәдениет бөлімі мен полиция қызметкерлерінен құралған «Жасыл армия» командасы иеленді. Екінші орын 58 қап қоқыс жинаған «Тазалық сақшылары» командасына бұйырса, бірінші орынды 61 қап қоқыс жинаған Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің командасы жеңіп алды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1217063?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау