ШҚО-ның барлық аудан және қаласында ардагерлерге құрмет көрсетілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жеңіс күні қарсаңында және бүгін, 9 мамырда Шығыс Қазақстан облысының барлық қала және ауданында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, құттықтаулар жалғасуда.

Алтай ауданында Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында аудан әкімі Ренат Құрмамбаев тыл еңбеккерлері Николай Гаврилович Ивашин мен Иван Петрович Железновтың үйіне арнайы барды.

Николай Гаврилович Ұлы Отан соғысы жылдары тылда аянбай еңбек етіп, Жеңіске өз үлесін қосты. Соғыстан кейін білім саласында жұмыс істеп, ұзақ жылдар бойы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды.

Иван Петрович – балалық және жастық шағы соғыстың ауыр кезеңімен тұспа-тұс келген тыл еңбеккерлері буынының өкілі. Бейбіт кезеңде ұзақ жылдар жүргізуші болып еңбек етіп, жауапты әрі адал қызметкер ретінде танылды.

Аудан әкімі ардагерлерге соғыс және бейбіт кезеңдегі ерлігі, табандылығы мен Отанға адалдығы үшін шынайы алғысын білдірді. Мұндай кездесулер – Жеңісті жақындатқан жандарға көрсетілген құрметтің белгісі әрі жас ұрпаққа ел тарихындағы ерлік пен жанқиярлықты насихаттайтын маңызды іс-шара.

Риддер қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ольга Корытконың айтуынша, Жеңіс күні қарсаңында қалада көптеген естелік іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында госпитальдерде жарақаттан қаза тапқан жауынгерлер жерленген зиратқа гүл шоқтарын қою, тыл еңбеккерлеріне арналған қайырымдылық түскі ас, мектептердегі «ерлік сабақтары», «Память» ардагерлер хоры мен оқушылардың концерттері, тыл еңбеккерлеріне сыйлықтар табыстау бар.

– Ең әсерлі әрі есте қаларлық іс-шаралардың бірі – оқушылар арасында өткен «Тыл еңбеккеріне хат» атты шығарма байқауы. Оған қатысқан барлық бала марапатталды. Шығармаларды оқыған комиссия мүшелері көздеріне жас алды. Оқушылар өз ата-әжелері туралы жазып, олардың балалық шағында Жеңіс үшін бар күшін салғанын баяндады, – дейді ол.

9 мамыр күні Риддерде Төлеген Тоқтаров ескерткіші мен Даңқ обелискісі жанында екі митинг ұйымдастырылды.

Шемонаиха ауданында дәстүр бойынша мереке қарсаңында «Мен есімде сақтаймын, мен мақтан етемін!» акциясы өтті. Оған мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, бизнес өкілдері, ұйымдар мен кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйымдар қатысты.

Ауданда барлығы 205 тыл еңбеккері бар, оның ішінде бір бұрынғы балалар концлагерінің тұтқыны да бар. Барлығы жеке құттықтауларға ие болды. Аудан әкімі Дидар Кенесбаев тыл еңбеккерлері М.Я. Степанова мен В.Ф. Плотникованың үйіне барып, мерекемен құттықтады.

– Бұл – жарқын әрі мұңға толы мереке. Жыл сайын Отанды қорғаған жандардың қатары сиреп келеді. Соғысқа қатысушылар арамыздан кетті, жесірлер мен тыл еңбеккерлері де азайып барады. Бізде олардың суреттері, хаттары мен естеліктері ғана қалды. Сондай-ақ Жеңіс күні қалды. Бұл күн – Отанды қорғау жолында жанын қиғандарды, тылдағы ерен еңбегімен Жеңісті жақындатқан жандарды, елді қираған күйден қайта көтерген азаматтарды еске алатын күн. Ол – ортақ жадымыздың, ұлы ерліктің күні болып қала береді, – дейді Шемонаиха аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Светлана Лычагина.

Ал Күршім ауданында 43 тыл еңбеккері мен соғыста жұбайларынан айырылған екі жесір анаға құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары, азық-түлік себеттері мен сыйлықтар табысталды.

Тарбағатай ауданында 17 тыл еңбеккерінің барлығы жеке құттықталып, аудан әкімдігі мен мәслихат өкілдері сыйлықтар табыс етті.

Үлкен Нарын ауданында 46 тыл еңбеккері бар. Олардың қатарындағы К. Жанабаева, К. Нұрғазина, А. Зиновьева және өзге де ардагерлерге сыйлықтар берілді.

ШҚО-да жыл сайын Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген ардагерлерге біржолғы төлемдер беріледі. Биыл бұл төлемдерді 3390 ардагер алды. Оның ішінде ҰОС-тың 6 қатысушысы мен мүгедегіне 5 млн теңгеден, 89 ардагерге (марапатталған тыл еңбеккерлері, блокада тұрғындары, концлагерь тұтқындары, жесірлер) 130 мың теңгеден, 3295 марапатталмаған тыл еңбеккеріне 80 мың теңгеден төленді. 

Өскемен қаласында қазір бес ҰОС қатысушысы мен мүгедегі, 1640 тыл еңбеккері тұрады.

9 мамыр күні құттықтаулар жалғасуда.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1217055?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version