Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің басшылығы Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар стратегиялық инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Атап айтқанда, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы және Сарыағаш қаласының айналма автомобиль жолын салу жобалары бойынша көшпелі кеңес өткізілді.
Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстігіндегі көлік-логистикалық әлеуетті арттыруда маңызды рөл атқаратын «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Ұзындығы 152 шақырымды құрайтын жаңа теміржол желісі Ресей мен Қытайдан Орталық Азия елдеріне бағытталған транзиттік тасымалдарды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба Сарыағаш станциясына түсетін жүктемені 40 пайызға дейін төмендетуге ықпал етеді. Нысанды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ министрлік басшылығы Сарыағаш қаласының айналма автомобиль жолы құрылысының барысын тексерді. Құрылыс жұмыстары өткен айда басталған. Жоба Сарыағаш қаласындағы көлік жүктемесін азайтып, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы транзиттік ағынның қозғалысын жеделдетуге бағытталған.
Жоба аясында ұзындығы 102 шақырым болатын I-а техникалық санаттағы төрт жолақты заманауи автожол салынады. Автожол халықаралық стандарттарға сәйкес жобаланған және қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша министрлік басшылығы жауапты ұйымдарға нақты тапсырмалар беріп, жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1217104?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау