Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев бастаған аудандағы өкілді орган мен құқық қорғау органдарының басшылық құрамы Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ғасыр жасаған қария, Ұлы Отан соғысының ардагері Эрмохан Ишхоновтың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы ардагерге Мемлекет басшысының арнайы құттықтауын табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Д.Қосановтың құттықтау хатын табыстады.
Аудан әкімі ардагер мен оның отбасы мүшелеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тілеп, аудан әкімдігінің Алғыс хаты мен демеушілердің қолдауымен 1 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты табыс етті.
Өз кезегінде Эрмохан Ишхонов көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, майдан даласында бастан өткерген қиын кезеңдер туралы естеліктерімен бөлісті. Ол сұрапыл соғыс жылдарындағы шайқастарды, қарулас достарын және жауынгерлік ерліктерін еске алып, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір мен ел тыныштығын тіледі. Кездесу соңында ақ батасын беріп, ел игілігі жолындағы жұмыстарға сәттілік тіледі.
Ұлы Отан соғысының ардагері Эрмохан Ишхонов 1942 жылдың 5 мамырында әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған. 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Ол І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО Гвардиясы», «Ерлігі үшін», «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін» медальдарымен және өзге де мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Бүгінде ардагер өнегелі әулеттің ақсақалы ретінде 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсіріп, 53 немере, 79 шөбере және 19 шөпшек сүйіп отырған ардақты қария.
Айта кетсек, қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында Ұлы Отан соғысының үш ардагері ғана өмір сүруде. Олар Сайрам ауданы, Сарыағаш ауданы және Жетісай ауданында тұрады. Сонымен қатар өңірде Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген 1 462 азамат және 2 082 тыл ардагері бар. Мемлекет тарапынан оларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Биыл соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтар мен тыл еңбеккерлеріне заң аясында арнайы әлеуметтік қолдау қарастырылған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1217099?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау