Венецияда қазіргі заманғы өнердің 61-ші халықаралық биенналесі аясында Қазақстан Республикасының ұлттық павильоны ашылды. «Qoñyr: Тыныштық архиві» деп аталатын қазақстандық жоба қазіргі заманғы өнер тілі арқылы естелік, тыныштық, мәдени үздіксіздік және тарихтың ішкі ырғағын зерттейді. Павильон ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен ашылды.
Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшісі Ерболат Сембаев, Венеция биенналесінің президенті Пьетранджело Буттафуоко, сондай-ақ өзге елдердің көрме павильондарының кураторлары, өнертанушылар және т.б. қатысты.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Венеция биенналесінің мәдениеттер арасындағы диалогты нығайтуға ықпал ететін әлемдегі ең маңызды мәдени алаңдардың бірі екенін атап өтті.
«Қазақстан үшін Биенналеге қатысу – мәдениеттердің көпдауысты диалогына өз үнін қосу мүмкіндігі. Біздің заманауи өнеріміз дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысында дамып келеді. Онда тарихи мұра мен дала мәдениетінің коды жаңа көркемдік тәжірибелер арқылы жаңаша сипат алуда. Қазақстан павильоны мазмұнды диалог алаңына, шабыт көзіне және әрбір келуші жанына жақын кеңістікке айналады деп сенеміз», – деді вице-министр.
Венецияның Әскери және тарихи музейінің өзара сабақтас бес залында орналасқан экспозиция дыбыс, кеңістік және визуалды образдар арқылы өрбитін иммерсивті саяхат ретінде құрылған.
«Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасының кураторы – суретші Сырлыбек Бекбота. Оның жұмысына композитор Әбікен Хасеновтің дәстүрлі қазақ күйі Qoñyr шабыт берген. Экспозиция биенналенің негізгі тақырыбы – «In Minor Keys» ұғымымен тікелей үндесіп, Qoñyr ұғымын жадының, ішкі әуездің және мәдени тәжірибенің метафорасы ретінде ашады.
Смайыл Баялиев, Ақмарал Мерген, Гүлмарал Тәтібай және Наталья Лигайдың Steppe Architectonics атты туындысы – алып жылқы мүсіндері, тұяқ дүбірі мен дала шөбінің иісі арқылы көрме кеңістігін көзге көрінетін әрі сезіммен қабылданатын ландшафтқа айналдырады.
Мансұр Смағамбетов, Оралбек Қабөке және Нұрбол Нұрахметтің экспозициялары да тақырыпты одан әрі тереңдете түседі. Дыбыс, объект және инсталляция арқылы суретшілер жадының күнделікті өмірде қалай сақталып, қалай жалғасатынын көрсетеді.
Сонымен қатар, Анар Әубәкірдің Matrix of a New Subject атты жұмысы да ұсынылған. Онда түйе жүнінен тоқылған ескі көрпенің ішкі қабаты көркем нысан әрі ұрпақтар сабақтастығының үнсіз архиві ретінде қайта пайымдалған.
Экспозициялық бағыт Ардақ Мұқанованың Qoñyr Äulie: Immersion into the Quiet Depths атты цифрлық туындысымен түйінделеді. Бұл – жарық пен миф тікелей баян емес, керісінше, ішкі түйсік деңгейінде қабылданатын киелі кеңістікке бойлау.
«Қазақстан өнері де Қазақстанның өзі секілді төл тарихы мен мәдени болмысына арқа сүйей отырып, болашаққа ұмтылады және қазіргі заманғы көркемдік бағыттарды табиғи түрде бейнелейді. Мені әсіресе жады тақырыбымен байланысы қызықтырды. Өнердің өзінің бірегей көркемдік үнін сақтай отырып, белгілі бір деңгейде архивке айнала алуы айрықша әсер қалдырды. Бұл рухани ізденістен, ішкі толғаныстан, сондай-ақ поэзия мен музыканы көркемдік пайымның негізгі құралдары ретінде таңдаудан көрініс табады», – деді Пьетранджело Буттафуоко.
Венецияның Әскери және тарихи музейінде орналасқан 61-ші Венеция өнер биенналесі аясындағы Қазақстан павильоны 2026 жылғы 9 мамыр – 22 қараша аралығында ашық.
Дереккөз: ҚР МАМ
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-roma/press/news/details/1217015?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау