9 мамыр күні полицияға кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы арыз түсті.
Ата-анасының айтуынша, жасөспірім бір күн бұрын қосымша сабаққа кетіп, үйіне оралмаған. Кейін анықталғандай, ол ата-анасымен болған түсініспеушіліктерге байланысты өз еркімен үйден кетіп қалған.
Іздестіру жұмыстарына полиция департаментінің барлық жеке құрамы мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылды, сондай-ақ еріктілер де қосылды.
Полицейлер білім беру және медициналық мекемелерді тексеріп, аулалар мен кіреберістерді, маңайдағы аумақтарды қарап шықты. Жасөспірімнің жүруі мүмкін бағыттар бойынша бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенді.
Іздестіру барысында кәмелетке толмаған баланың автобуспен соңғы аялдамаға дейін барып, кейін тасжол бойымен жаяу жүргені анықталды.
Жасөспірім Ақжар ауылындағы мешітте түнеп шыққан. Полицейлер жергілікті тұрғындар мен жол бойындағы жүргізушілерден жауап алып, оның әрі қарай жүрген бағытын анықтады.
Нәтижесінде полицейлер жасөспірімді қала сыртындағы тасжол бойынан тауып, аман-есен ата-анасына тапсырды.
Оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Отбасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларымен сенімді қарым-қатынас орнатудың, олардың араласатын ортасы мен жүрген жерін бақылауда ұстаудың маңызын еске салады. Осындай жағдайлар туындаған кезде “102” нөміріне дереу хабарласу қажет.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1217248?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау