Халықаралық білім алу мүмкіндігін кеңейтуге 2025 жылдың тамыз айында құрылысы басталған жаңа оқу-зертханалық корпус жол ашады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асырылу барысын тексерді.
Нысан құрылысын «Номад Құрылыс Компаниясы» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда жұмыстардың шамамен 45%-ы орындалған.
Жоба Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық серіктестік аясында жүзеге асырылып, өңірде халықаралық білім беру орталығын дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта 2023 жылы Қ. Жұбанов атындағы өңірлік университет базасында ашылған Ақтөбедегі Heriot-Watt кампусында Қазақстаннан және шетелден келген 500-ден астам студент білім алуда.
Жаңа оқу-зертханалық корпус жертөле қабаты бар үш қабатты ғимарат болады. Оның жалпы аумағы 5 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта 1000 орындық оқу аудиториялары, заманауи конференц-зал және асхана қарастырылған. Құрылыс халықаралық стандарттар мен заманауи технологияларды қолдана отырып жүргізілуде.
Өңір басшысы нысанды аралау кезінде құрылыс жұмыстарының сапасы мен халықаралық білім беру ортасына қойылатын талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударды. Асхат Шахаров бұл жобаның жоғары білікті инженерлік және IT-мамандар даярлаудағы, сондай-ақ өңірдің жоғары білім беру саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Жобаны іске асыру кампустың білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық бағдарламалар бойынша мамандар даярлауға және британдық әрі қазақстандық үлгідегі қос диплом беруге мүмкіндік береді.
«Халықаралық білім беру жобаларын дамыту ел үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша қазіргі жаһандық экономика жағдайында жұмыс істей алатын жоғары білікті кадрларды даярлауға аса көңіл бөлінуде. Осындай бастамаларды жүзеге асыру жоғары білім сапасын арттырып қана қоймай, заманауи технологияларды, шет тілдерін және халықаралық стандарттарды меңгерген жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл ел мен өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Әсіресе, жастардың шетелге шықпай-ақ жетекші шетелдік университеттердің бағдарламалары бойынша білім алу мүмкіндігі өте маңызды. Бұл дарынды студенттердің шетелге кетуін азайтып, олардың ел ішінде кәсіби тұрғыда дамуына жағдай жасайды. Сондықтан мұндай білім беру орталықтарының өңір мен мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық маңызы зор», – деді облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1217333?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау