Женева, 2026 жылғы 7-8 мамыр — Қазақстан Республикасының делегациясы Женевада өткен «Технологиялық болжам: қауіпсіз және гуманистік болашақ үшін» атты Швейцарияның ЕҚЫҰ-дағы Іс басындағы төрағалығының конференциясына қатысты.
Іс-шараны ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Швейцарияның Федералдық кеңесшісі Иньяцио Кассис және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоглу ашты. Конференцияға ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер, ынтымақтастық жөніндегі серіктестер, халықаралық ұйымдар, академиялық орта, жеке сектор мен азаматтық қоғамнан 200-ге жуық өкілдер қатысты.
«Цифрлық дәуірдегі су және энергетикалық қауіпсіздікті болжау» панельдік сессиясында сөз сөйлеген Қазақстан өкілі су және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие екенін, тұрақты дамуға, азық-түлік қауіпсіздігіне және өңірлік тұрақтылыққа тікелей әсер ететінін атап өтті.
Су ресурстарының шектеулігін, трансшекаралық өзендерге жоғары тәуелділігі, климаттың өзгеруінің әсерін және өсіп келе жатқан сұранысты ескере отырып, Қазақстан реактивті суды басқару моделінен деректерге, цифрлық платформаларға және жасанды интеллектке негізделген болжамды модельге өтіп жатқаны атап өтілді.
Су секторын цифрландыру аясында Қазақстан 2026 жылдың соңына дейін Ұлттық цифрлық су ресурстары жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл мониторингтің, болжамның және су ресурстарын бөлудің дәлдігін арттырады, сондай-ақ суды пайдалануда ашықтықты қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Суды пайдалану тиімділігін арттырудағы жасанды интеллекттің рөліне ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллект жаңа жаһандық экономиканың негізіне айналып келе жатқаны және үлкен деректер маңызды ресурс екендігі туралы ұстанымы атап өтілді. Қазақстан жасанды интеллектті дамытуды негізгі стратегиялық басымдық ретінде қарастырады және оны өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және логистика салаларын қоса алғанда, экономикада кеңінен енгізуді мақсат етеді.
Сонымен қатар, Қазақстан ядролық энергетиканы дамыту тәсілдерін ұсынды. Саланың жүйелі және тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылғандығы және өнеркәсіпті, ғылымды әрі білімді біріктіретін ұлттық ядролық кластер қалыптасып жатқандығы атап өтілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен стратегия аясында Қазақстан 2060 жылға дейін кемінде үш атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр.
Сөз соңында, қазақ делегациясы су және энергетикалық қауіпсіздік мәселесін кешенді түрде қарастыру қажеттігін және заманауи технологияларды енгізуді, институттарды нығайтуды және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді талап ететінін атап өтті. Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру бастамасының өзектілігі атап өтілді.
Қазақстан ЕҚЫҰ серіктестерін су ресурстарын басқару және су қауіпсіздігі бағытында одан әрі диалогты қолдауға және бұл бастаманы халықаралық деңгейде ілгерілетуге шақырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1217283?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау