Алматыда иесіз электр желілерін коммуналдық меншікке беру жұмысы күшейтіледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы әкімдігінде қала әкімі Дархан Сатыбалды төрағалығымен иесіз және жекеменшік электр желілерін коммуналдық меншікке беру және электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиын барысында жекеменшік желілерді пайдаланудағы жүйелі түйткілдер, электр қуатының жиі өшу себептері және қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылды.

Кеңесте айтылғандай, қаладағы жекеменшік электр желілерінің едәуір бөлігі әбден тозған әрі тиісті техникалық қызмет көрсетілмейді. Бұл жағдай апаттық өшуге, кернеудің тұрақсыздығына және тұрғындар тарапынан шағымдардың артуына әкеліп отыр. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның (АЖК) мәліметінше, кейбір жекеменшік желілердің тозу деңгейі 80 пайыздан асады.

Сондай-ақ, жекелеген желілердің есепке алынуы мен баланстық тиесілігін айқындайтын ашық жүйенің жоқтығына ерекше назар аударылды. Бұл олардың пайдаланылуы мен жаңғыртылуын қиындатып отыр. Кеңес барысында қала аудандары бойынша жекеменшік желілер мен электр қуатының өшу санына қатысты деректер де жария етілді. Соңғы алты айда Алматыдағы жалпы өшірулердің шамамен 45 пайызы немесе 295 жағдайы жекеменшік желілерге тиесілі болған.

Наурызбай, Бостандық, Медеу және өзге де аудандардағы электр қуаты жиі өшетін проблемалық учаскелер жеке қаралды.

Кеңес барысында қала әкімі ведомствоаралық үйлестіруді күшейтіп, иесіз желілерді коммуналдық меншікке қабылдау жұмысын жеделдетуді тапсырды. Кейін оларды пайдалану АЖК-ға беріледі. Әсіресе, тұрғын үй кешендері, апаттық учаскелер және әлеуметтік маңызы бар нысандар басым бағыт ретінде белгіленді.

Сонымен қатар, желілердің тиесілігін анықтау, жеке есепшоттар ашу және оларды әрі қарай пайдалану тетіктерін біріздендіру міндеті қойылды. Бұл жұмысқа әкімдіктің салалық басқармалары, энергетикалық қадағалау органдары, қала прокуратурасы және АЖК қатысады.

Кеңес соңында аталған шараларды жүзеге асыру апаттық жағдайды азайтып, электрмен жабдықтау сапасын арттыруға, желідегі шығындарды қысқартуға және қала тұрғындары арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге мүмкіндік беретіні айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1218289?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version