Ақтөбе қаласында мектеп оқушыларының дәстүрлі оқу-далалық жиынының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
10-сынып оқушыларына арналған оқу-далалық жиынның ашылу салтанатына шамамен 2000 оқушы қатысты. Іс-шара «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы жанында ұйымдастырылды.
Салтанатты рәсімге Ауған соғысының ардагерлері, жергілікті қақтығыстар ардагерлері, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылар, сондай-ақ Қарулы Күштердің ардагерлері қатысты.
Жиынға қатысушыларға Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде мұндай шаралардың жас ұрпақ тұлғасын қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінгі жастар — ертеңгі ел қорғаны. Сондықтан біз сіздердің бойларыңыздан батылдықты, тәртіпті, жауапкершілікті және Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті көргіміз келеді. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы — білімді, рухы мықты, дені сау, патриот жастардың қолында.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар тәрбиесіне және әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарға ерекше мән беріп келеді. Себебі елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы — саналы әрі отаншыл ұрпақпен тікелей байланысты.Құрметті оқушылар!Алдағы күндері сіздер саптық дайындықты, алғашқы әскери машықтарды меңгеріп қана қоймай, төзімділікке, ұйымшылдыққа, өзара көмек пен тәртіпке үйренесіздер. Бұл тәжірибе сіздердің өмірлік ұстанымдарыңызды қалыптастыруға зор ықпал етеді деп сенемін».
Жалпы облыс бойынша оқу-далалық жиынмен шамамен 4000 оқушы қамтылады: оның ішінде қала мектептерінен бөлек, аудандардан тағы 2000-ға жуық жасөспірім қатысады.
Қала оқушылары үшін оқу-жаттығу процесі М. Ғабдуллин атындағы №70 орта мектеп, Ф. Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясы, сондай-ақ №74, №76, №77 және №83 мектептердің базасында ұйымдастырылады.
Жиын бағдарламасына сәйкес оқушылар шартты батальон, рота және взводтарға бөлінеді. Бұл әскери қызмет жағдайына барынша жақын ортада тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Қатысушылар саптық дайындық негіздерін меңгеріп, әскери-қолданбалы спорт түрлерінен — 100 және 1500 метрге жүгіру, кермеге тартылу және пневматикалық винтовкадан ату бойынша жарыстарға қатысады.
Практикалық сабақтармен қатар оқушылар үшін ерлік сабақтары, ардагерлермен кездесулер, патриоттық фильмдер көрсетілімі және мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Салтанатты ашылу концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер алдында №65 орта мектептің генерал Жансен Кереев атындағы «Жаубасар» әскери-патриоттық сыныбының тәрбиеленушілері мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы «Жас сақшы» тобы «Менің Отаным — Қазақстан» әнін орындады. Сондай-ақ №51 гимназиясының әскери-патриоттық клубы саптық дефиле көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1218246?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау