КЕЛЕСТЕ ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІК ҰЛЫҚТАЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Келес ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған тағылымы мол мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Аудандық мәдениет үйі мен Жеңіс саябағында өткен «Ұранды ердің – ұрпағы қайсар» және «Жеңіс күні – ғажайып» атты салтанатты жиынға аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев қатысып, ардагерлер мен ел қорғаны болған азаматтарды мерекемен құттықтады.
Мерекелік шара алдымен Жеңіс саябағындағы Белгісіз солдат ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Жиналған жұртшылық сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін от кешкен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына құран бағыштады. Бұл – ел тыныштығы мен бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын тағылымды сәт болды.
Салтанатты жиынның негізгі бөлімі аудандық мәдениет үйінде жалғасын тауып, сахна төрінде соғыс жылдарының ауыртпалығын, батырлардың ерлігін дәріптеген көріністер мен патриоттық әндер көпшілік назарына ұсынылды. «Әлия» атты театрландырылған қойылым көрермен көңілін толқытса, одан кейін орындалған патриоттық әндер мерекелік кештің мазмұнын айшықтай түсті.
Жиында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ел қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті.
— Бұл мереке – батырлық пен батылдықтың, елге адал қызмет етудің символы. Біз бүгін бейбіт күннің бағасын жанымен қорғаған аға буынға тағзым етіп, ел шебін күзеткен сарбаздарымызға құрмет көрсетеміз. Отанды қорғау – тек әскери қызметкерлердің ғана емес, әрбір азаматтың жүрегіндегі перзенттік парыз. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, көк байрағы мәңгі желбіреуі үшін бірлігіміз бекем болуы тиіс, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, әкім өз сөзінде ардагерлердің өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі екенін айтып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс білдірді.
Мерекелік іс-шара барысында ауданның қоғамдық қауіпсіздігі мен ел тыныштығын сақтауға үлес қосып жүрген азаматтар марапатталып, құрмет көрсетілді. Бұл күн – елдік пен ерлікті ұлықтаған, жас буынның бойына отансүйгіштік рух дарытқан тағылымды мерекеге айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1218355?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version