Жетісу облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 511,8 мың гектар. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы дақылдарының 89%-ы егілді, ал қант қызылшасын егу жұмыстары толық аяқталды. Жалпы өңірдегі егіс жұмыстары 1 маусымға дейін толық аяқталады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жоспарланған 70,6 мың тонна тыңайтқыштың бүгінгі күнге 50,2 мың тоннасы немесе 71,2%-ы сатып алынып, қолданылуда. Көктемгі дала жұмыстарына 20,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Биылға арзандатылған дизель отынының көлемі 5,2 мың тонна болып бекітілсе, соның 3,5 мың тоннасы кестеге сәйкес облысқа жеткізілді. Шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымдар айқындалып, жоспарланған көлемнің 3,7 мың гектары өңделді.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 10,8 млрд теңге бөлінді, бүгінгі таңда 300 шаруашылыққа 7,2 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» филиалы арқылы жаңа ауыл шаруашылығы техникасын лизингіге алуға 15 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын 184 бірлік техника сатып алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Сонымен қатар облыста вегетациялық кезеңді өткізу үшін жедел штаб жұмыс істеуде, егінге су беру жұмыстары басталды. Жалпы алғанда, 1,3 млрд текше метр су алу жоспарланса, оның 1,2 млрд текше метрі суаруға бағытталады. Қазіргі таңда облыстағы жалпы сыйымдылығы 57 млн текше метр болатын 6 су қоймасы орта есеппен 72%-ға толған.
Жалпы көктемгі дала жұмыстарын және вегетациялық кезеңді өткізу облыс басшылығының тұрақты бақылауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-karatal-balpyk/press/news/details/1218314?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау