Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды

Аталған құжат орта білім беру жүйесін дамытудың басым бағыттарының бірі ретінде жасанды интеллект технологияларын енгізуді айқындайды. Сонымен қатар ол адами капиталды дамытуда жасанды интеллект негізінде заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауға бағытталған.

Оқу-ағарту министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен, сондай-ақ өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыруды қамтамасыз етеді. Аталған жоспар мектептердің цифрлық инфрақұрылымын дамытуды, оқушылардың нақты қажеттілігіне бейімделген оқыту тетіктерін енгізуді, педагог кадрларды даярлау мен  білім алушылардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуді көздейді.

Жарлықта шағын жинақты ауыл мектептерін қолдауға ерекше мән берілген. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында мектептерді   заманауи техникалық құралдармен және сапалы цифрлық білім беру ресурсымен қамтамасыз ету қарастырылған. Бастапқы кезеңде пилоттық жоба аясында тиімді шешімдерді кезең-кезеңімен енгізе отырып, еліміздегі 2600-ден астам шағын жинақты мектептің шамамен 500-ін қамту жоспарланды.

Сонымен қатар орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолданудың бірыңғай стандарттарын бекіту көзделген. Бұл стандарттар білім беру контентін әзірлеу және бейімдеу, оқу нәтижелерін бағалау, академиялық адалдықты қамтамасыз ету және жасанды интеллект құралдарын қауіпсіз пайдалану мәселелерін қамтиды.

Бұған қоса педагогтердің біліктілігін арттыру мен цифрлық құзыреттерін дамытуға ерекше назар аударылады. Бұл ретте жасанды интеллект технологияларын  қолдану педагогті алмастыруды көздемейді, өз кезегінде педагогтің кәсіби рөлін күшейтуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және оқушылармен жеке жұмысты кеңейтуге бағытталған қосымша құрал ретінде қарастырылады.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі білім алушылардың дербес деректерін қорғау шараларын күшейту және білім беру мазмұнының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстарды жүргізетін болады.

Жарлықты іске асыру адами капиталды дамытуға және цифрлық экономика талаптарына сай жаңа буынды даярлауға бағытталған заманауи әрі бәсекеге қабілетті орта білім беру жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/1218346?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version