Жыл сайын 12 мамырда бүкіл әлемде мейірбикелер күні аталып өтеді. Бұл – адам жанына шипа дарытып, науқастарға жанашырлық пен қамқорлық танытып жүрген ақ халатты абзал жандарға көрсетілетін ерекше құрмет мерекесі.
Мейірбике мамандығы – зор жауапкершілік пен шыдамдылықты қажет ететін қастерлі кәсіп. Сіздер күн сайын адам өмірі мен денсаулығы жолында аянбай қызмет етіп, кәсіби шеберлік пен мейірімділіктің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Науқасқа сенім сыйлап, ауыр сәтте тірек болу – үлкен жүректіліктің белгісі.
Бүгінде денсаулық сақтау саласында мейірбикелер мен медицина қызметкерлерінің маңызы ерекше артып келеді. Заманауи медицина қарыштап дамыған сайын сіздердің кәсіби міндеттеріңіз де кеңейіп, жауапкершіліктеріңіз күшейе түсуде. Соған қарамастан, әрдайым сабыр мен жанашырлықты серік етіп, ел саулығын сақтау жолында адал еңбек атқарып келесіздер.
Сіздердің ерен еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалауға лайық. Әр шаңыраққа тыныштық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге мол жетістік тілеймін!
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау