Шығыс Қазақстан облысында егіс науқаны белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндама жасаған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.
«Биыл көктемгі егіс жұмыстары 630 мың гектар алқапта жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Бүгінгі таңда 113 мың гектар аумаққа егін егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 56,3 мың гектарды, майлы дақылдар – 52,3 мың гектарды, жемшөп – 4,2 мың гектарды құрайды», – деді облыс әкімі.
Егіс науқанын жүргізу үшін 15 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Шаруа қожалықтары 72 мың тонна көлемінде сапалы тұқыммен толық қамтамасыз етілген.
«Егінге 70 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Оның ішінде отандық өндірушілермен 51 мың тонна жеткізуге шарттар жасалды. Жеңілдетілген кредиттеу бағдарламалары бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 20 млрд теңгеге жуық қаржы берілді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар 6 млрд теңгеден асты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе жоғары. Өңір бойынша 27 млрд теңге сомасына 6 ірі инвестициялық жоба іске асырылып келеді.
Айта кетейік, жалпы ел бойынша егіс алаңы 23,8 млн гектарға жетіп, өткен жылдың деңгейінен 180 мың гектарға артқан.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1218260?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау