Бүгін аудан әкімінің орынбасары Нариман Үсенұлы, Жаңақорған кентінің әкімі Жасұлан Бейсенбеков ауданның зиялы қауым өкілдерімен бірге 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай ауданымыздағы тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, аудан әкімінің мерекелік құттықтауы мен ізгі тілегін жеткізді.
Ізгі ниетпен ұйымдастырылған кездесуде Жаңақорған кентінде тұратын 88 жастағы тыл ардагері Махмут Жиенбайұлы мен 89 жастағы Тұрлыбек Шаназаровтың үйіне арнайы барып, Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар Қожакент ауылында тұратын тыл ардагері Бибігүл Тоймқызының шаңырағына барып, мерекелік ыстық ықыласын білдірді.
Кездесу барысында соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегі мен қайсарлығы Жеңісті жақындатуда ерекше рөл атқарғанын атап өтіп, олардың бейбіт күндегі өнегелі өмір жолы мен ел дамуына қосқан сүбелі үлесі әрдайым құрметке лайық екені айтылып, аудан әкімінің атынан алғыс білдірілді.
Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп, ел амандығы мен жұрт тыныштығын тіледі.
Айта кетейік, Жаңақорған жерінен 5 мыңға жуық азамат майданға аттанып, олардың жартысына жуығы ерлікпен қаза тапты. Өкінішке қарай, бүгінде ауданымызда бірде-бір соғыс ардагері ортамызда жоқ. Қазіргі таңда 119 тыл еңбеккері ғана Жеңіс мерекесін қарсы алуда. Ауданымыздың мақтанышына айналған ер жүрек батырларымыз – Әнуар Әбутәліпов пен Александр Романов Кеңес Одағының Батыры атанды. 46 майдангер офицерлік шенмен елге оралып, соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру мен бейбіт өмірдің берік іргесін қалауға елеулі үлес қосты.
Олардың жанқияр ерлігі мен адал еңбегі кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болып қала береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-zhanakorgan/press/news/details/1218321?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау