Абай облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасымен 2015 жылы Ресей Федерациясының аумағында жасалған аса ауыр қылмыс бойынша қылмыстық істің тергеуі аяқталды.
Аталған қылмысты алдын ала сөз байласқан төрт адам жасағаны анықталды. Күдіктілер қымбат автокөлікті сатып алу сылтауымен оның иесімен кездесу ұйымдастырған. Кездесу барысында қылмыскерлер ер адамға шабуыл жасап, оған көптеген пышақ жарақаттарын салған, кейін қылмыс іздерін жасыру және қылмыстық ойларын соңына дейін жеткізу мақсатында жәбірленушіні автокөлікпен қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған.
Қылмыс жасағаннан кейін күдіктілер автокөлікті иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Қылмыс жасалғанына шамамен тоғыз жыл уақыт өтсе де, қылмыстық топтың барлық қатысушыларын анықтау бағытындағы жұмыс тоқтатылмаған. Тергеу Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл арқылы жүргізілді.
Абай облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі Сартова Ажар Роллановнамен ауқымды әрі мұқият тергеу жұмыстары жүргізілді. Тергеу барысында куәлар мен қылмысқа қатысы бар тұлғалардан жауаптар алынған, қылмысқа қатысушылар арасындағы хат алмасулар зерделенген, бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілген, көптеген халықаралық және ведомствоаралық сұрау салулар жолданған, қосымша дәлелдемелер жиналып, қылмыстың толық көрінісі қалпына келтірілген.
Жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижесінде ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген соңғы күдіктінің жүрген жері анықталды. Ол халықаралық іздеуге жарияланып, 2024 жылы Алматы қаласында полиция қызметкерлерімен ұсталды.
Бұған дейін қылмысқа қатысқан үш адам сотталған. Олардың бірі Ресей Федерациясының Барнаул қаласындағы сотпен, қалған екеуі Шығыс Қазақстан облысының сотымен сотталған.
Абай облысы Полиция департаментінде атап өткендей, уақыттың өтуіне және күдіктілердің құқық қорғау органдарынан жасырынуға тырысқанына қарамастан, аса ауыр қылмыстарды ашу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыс толық аяқталғанға дейін жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1218917?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау