Абай облысы мәслихатының кезектен тыс ХХХVІ сессиясы өтті. Сессияға Абай облысы мәслихатының төрағасы Шалқар Байбеков, облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов, депутаттар, тиісті мекеме өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қаралды. Абай облысы мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №13/87-VII «Абай облысында жерлеу және қабірлерді күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізілді. Өзгерістер Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2026 жылғы 9 қаңтардағы бұйрығына сәйкес қабылданып, жерлеуді ұйымдастыру және зираттарды күтіп ұстау қағидаларын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіруге бағытталған.
Сессия барысында облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпараты тыңдалды. Депутаттар зираттарды күтіп ұстау мәдениетін қалыптастыру, санитарлық талаптарды сақтау, қорым аумақтарын ретке келтіру және халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту мәселелерін көтерді.
Сонымен қатар қорымдарды біріздендіру, жолдарды белгілеу, аумақтарды қоршау, қоқыс контейнерлерін орнату, тазалықты сақтау және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды. Депутаттар бұл мәселені бақылауда ұстау қажеттігін атап өтіп, тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдайтындарын жеткізді.
Сондай-ақ Абай облысы мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №12/86-VIII «Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін сайлау туралы» шешіміне өзгеріс енгізу мәселесі қаралды. Нәтижесінде Гүлжан Қуанышева сайланды. Сессия қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-abay/press/news/details/1218850?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау