Алматыда Халықаралық мейіргер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған мейіргерлер, фельдшерлер, акушерлер, сала ардагерлері, медициналық ұйымдардың басшылары мен медициналық колледждердің оқытушылары қатысты.
Бүгінде мейіргерлер тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, пациенттерді емдеудің барлық кезеңінде сүйемелдейтін, науқастардың жағдайын бақылап, медициналық көмектің сапасын қамтамасыз ететін мамандарға айналды.
Қазіргі таңда Алматыда 200-ден астам медициналық ұйым жұмыс істейді. Онда 36 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді, оның ішінде 10 мыңға жуық дәрігер және ондаған мың орта буын мамандары бар.
Құттықтау сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым:
«Сіздердің еңбектеріңіз — күн сайын адамдарға қызмет ету, әрбір пациенттің денсаулығы мен өміріне қамқорлық жасау. Мейіргерлік істің ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Олар бүкіл өмірін медицинаны дамытуға арнап, мықты кәсіби дәстүр қалыптастырды.
Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіздің арқасында денсаулық сақтау жүйесі дамып, адамдарға ең қымбат құндылық — денсаулықты сақтауға көмектесіп келеді», — деді Нұрлан Әбдірахым.
Іс-шара аясында «Үздік маман» қалалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. «Үздік қызметкерлер», «Үздік стационар мейіргері», «Үздік фельдшер», «Үздік акушерка» және өзге де санаттар бойынша марапатталды.
Сонымен қатар медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық марапаттары мен Алматы қаласы әкімінің алғыс хаттары табысталды. Олар көпжылдық еңбегі, кәсібилігі және денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды.
Мейіргерлік қызмет ардагерлеріне де ерекше алғыс айтылып, гүлдер мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мерекелік бағдарлама қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өтті және «Мейіргерлік істі дамыту: тәжірибе, инновациялар және ынтымақтастық» атты халықаралық конференциямен жалғасты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1218466?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау