Алматыда жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар жалғасып жатыр. 2026 жылы қалада жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған 380 мемлекеттік грант беру, сондай-ақ бастаушы кәсіпкерлерді оқыту мен қолдауды жалғастыру жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, бүгінде кәсіп ашып, тұрақты табыс табуды қалайтын азаматтарды қолдауға баса назар аударылып отыр.
Бауыржан Жаубасовтың айтуынша, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1 730 000 теңге болатын қайтарымсыз қаржылай көмек. Қаражат бизнес бастауға және оны дамытуға беріледі.
«Грант бизнес бастаған кәсіпкерлерге идеясын жүзеге асыруға, қажетті құрал-жабдық сатып алуға, өндірісті жолға қойып, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға көмектеседі. Әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше көңіл бөліп отырмыз», — деді басқарма басшысы.
Грант қаражатын бизнес жүргізуге қажетті құралдарды, технологиялық жабдықтар мен басқа да қажетті затты сатып алуға жұмсауға болады. Бірақ оны тұтынушылық мақсатқа, несиені жабуға, тұрғын үй немесе жер телімін сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге пайдалануға болмайды.
Грант алатындардың қатарына тіркелген жұмыссыздар мен тіркелгеніне үш жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер іліге алады. Сонымен бірге үміткер әлеуметтік санаттың біріне жатуға тиіс.
Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар, сондай-ақ асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын азаматтар бар.
Міндетті талаптардың бірі «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өткенін растайтын сертификаттың болуы.
«Қала тұрғындарының кәсіпкерлікке деген қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан алматылықтарға өз ісін ашып, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға көмектесетін қолдау бағдарламаларын дамытуды жалғастыра береміз», — деді Бауыржан Жаубасов.
Өтініш беру үшін business.enbek.kz порталында тіркелу қажет.
Грантпен қолдаудан бөлек, Алматыда жұмыспен қамту бағдарламалары аясында азаматтарды оқытып та жатыр. Атап айтқанда, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша қаладағы бизнес бастаған 406 кәсіпкер оқып, қолдау алған.
Сонымен қатар жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта тігінші, аспаз, кондитер, визажист, маникюр шебері, шаштараз, флорист пен құрылыс саласының маманы секілді сұранысқа ие 40 мамандық бойынша 516 бос орын бар екен.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңесті Алматы қаласындағы әлеуметтік қызметтер үйінен алуға болатынын еске салды. Мекенжайы: Достық даңғылы, 85. Азаматтарды қабылдау «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1219158?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау