Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Жарлықтың негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталдың маңызды бөлігі ретінде заманауи, инновациялық білім беру жүйесін қалыптастыруға жағдай жасау.
Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеге дейін Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті кеңінен енгізу жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарын бекітеді. Жоспар аясында:
оқытуды жекелендіру тетіктерін құру; цифрлық инфрақұрылымды дамыту; педагог кадрларды даярлау; оқушылардың жеке деректерін қорғау шаралары қамтылады.
Жарлықта жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фу ұсынымдарын тәжірибеде пайдалану қарастырылған. Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 маусымға дейін Үкімет орта білім беру саласындағы пилоттық жобаны іске асыру бойынша нақты ұсыныстар енгізіп, кейін оны кең ауқымда жүзеге асырады. Бұл жаңашылдықтар қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтуға бағытталған.
2026 жылғы 1 тамызға дейін пилоттық жоба аясында мектептерді техникалық жабдықтау, соның ішінде тұрақты жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету көзделген.
2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орта білім беру жүйесінде жасанды интеллектті қолдану стандарттары бекітіледі.
Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ететін жоспар қабылданады. Бұл жоспарға сәйкес, жасанды интеллект технологиялары мұғалімдердің кәсіби қызметін алмастырмай, білім беру үдерісінде қосымша тиімді құрал ретінде қолданылатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-martuk-rodnikov/press/news/details/1219327?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау