«Өр Алтайдың ойлы қаламгері» Әлібек Асқаровпен кездесу
11 мамыр күні кітапханамызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Әлібек Асқаровпен кездесу өтті.
Кештің тізгінін ұстаған жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Қазақстанның құрметті жазушысы» Әлібек Қаңтарбаев ағамыз қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып өтті.
Әлібек Асқаров – қазақ прозасының өзіндік үні бар қаламгер. Оның шығармаларынан біз: Алтайдың асқақтығын, ауылдың аңқылдақ мінезін, қазақы тәрбиенің мәйегін көреміз.
Әдеби басқосуда оқырмандар қаламгердің шығармашылық әлемімен жақын танысып, туған жер, ұлттық құндылықтар мен Алтай табиғаты жайлы әсерлі әңгімелерге қанықты. Жазушы шығармаларындағы адам тағдыры, ауыл өмірі мен рухани мұраттар төңірегінде кеңінен ой өрбіді.
Кездесу барысында оқырмандар жазушыға көкейлеріндегі түрлі сауалдарын жолдады. Әсіресе, қаламгердің шығармашылық жолы, қазіргі қоғам мен әдебиеттің жай-күйі, жастардың кітап оқуға қызығушылығы туралы пікірлері көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Талғамы биік оқырман, көркем сөз іздейді. Әлібек Асқаровты сағынған оқырмандары залға лық толды. Кешке қаламыздағы ақын-жазушылар, С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттері, университет профессорлары және кітапхана оқырмандары қатысты.
Алтайдың асқақ рухын әдебиет арқылы қазаққа жеткізіп жүрген Әлібек Асқаров ағамызбен кездесу кеші шығыстың әдебиетсүйер қауымына ерекше әсер сыйлады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-cultura-arhiv/press/news/details/1218563?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау